Токиода Олимпиаданың кезекті жарыс күні аяқталды. Қазақстан қоржынына бұл күні жүлде түскен жоқ, деп жазады Prosports.kz.

27 шілде күні жерлестеріміз спорттың жеті түрінен сынға түсті. Таеквондодан жарыс жолына шыққан Жансель Дениз алғашқы айналымда өзбек спортшысы Светлана Осипованы жеңген еді. Келесі кезеңде британиялық Бианка Уолкденге есе жіберді. Осы спорт түрінен ерлер арасында бақ сынаған 80 келідегі Руслан Жапаров та жарысты сәтті бастады. Неміс азаматы Александер Бачманды ұтты. Бірақ ширек финалда Корея спортшысы Ко Дон Индің мықтылығын мойындауға мәжбүр болды. Қос спортшымыз да жарысты аяқтады.

Ерлер арасында садақ атудан сынға түскен Денис Ганькин 1/16 финалда итальяндық Мауро Неспелиден ұтылды.

Жарыстың екінші күнінде дзюдодан қола медаль еншілеген Елдос Сметовтың жеңісті жолын Дидар Хамза жалғастыра алмады. 81 келіде белдесетін спортшымыз 1/16 финалда монғол Саид Моллайдан иппон әдісімен ұтылды.

Ерлер арасында жалғыз қалған қазақстандық теннисші Михаил Кукушкин де Олимпиадамен қоштасты. Ол Беларусь спортшысы Илья Ивашкинмен кездесіп, 7:6, 3:6, 3:6 есебімен жеңілді.

Қыздар арасында Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина хорват Донна Векичті екі сетте (7:6, 6:4) жеңді. Бұрымды теннисшіміз ширек финалда испаниялық Гарбине Мугурусамен кортта кездеседі.