Төрткүл дүние күтетін Олимпиада ойындарының чемпиондары елінде «батыр» атанып қана қоймай, қомақты қаржы алады. Prosports.kz сайтының тілшісі Олимпиада чемпиондарына қай елде көп сыйақы беретінін анықтады.

Қазақстан Олимпиадада алтын алған спортшысына 250 мың доллар көлемінде сыйақы тағайындаған. Біздің әлемде олимпиада ойындарынан жүлде алған спортшыларға қомақты ақшалай сыйақы тағайындайтын мемлекеттің бірі. Күміс алған спортшыға 150 мың доллар, қола жүлдегерге 75 мың доллар беріледі.

Спортшыны жаттықтырған бапкерге де осы сома беріледі. Оның 10 пайызын алғашқы жаттықтырушысы, 80 пайызын қазіргі бапкері, қалған 10 пайызын ұлттық құраманың бас бапкері алады. Бұдан бөлек облыс, қала әкімдіктері де жүлде алған спортшыларға пәтер мен көлік те береді.

Бұрынғы КСРО елдерінің арасында Қазақстан сыйақы мөлшері жағынан тек Грузиядан қалып тұр. Олимпиада алтынын алған грузин спортшылары 322 мың доллар шамасында сыйақы алады. Әзербайжан елі де спортшыларының жетістігі үшін қомақты қаржы бөлген. Қазақстан секілді Әзербайжан үкіметі Олимпиада чемпионына 248 мың доллар шамасында сыйақы тағайындаған.

Өзбек спортшылары алтын алса қалтасын 200 мың долларға қалыңдатады. Алғашқы бестікті түйіндеп тұрған Молдова елінде Олимпиада чемпиондарына 166 мың доллар ақша береді екен.

ТМД елдері мен КСРО құрамында болған елдер арасында Олимпиада чемпиондарына ең көп сыйақы беретіндер:

1. Грузия – $322 мың;

2. Қазақстан – $250 мың;

3. Әзербайжан – $248 мың;

4. Өзбекстан – $200 мың;

5. Молдова – $166 мың;

6. Литва – $136 мың;

7. Беларусь – $129 мың;

8. Украина – $125 мың;

9. Қырғызстан – $119 мың;

10. Ресей – $54 мың;