Қазақстандық боксшы Фируза Шарипова (10-1, 5 КО) келесі жекпе-жегін 15 тамыз күні Сочи қаласында өткізеді, деп жазады Prosports.kz.

Бұл туралы Сочи қаласы бокс федерациясының президенті Илья Варов мәлімдеді. Отандасымыз бұл кездесуде IBA тұжырымының чемпиондық титулын сарапқа салады.

«29 шілде күні біз Халықаралық бокс қауымдастығынан (IBA) Фируза Шарипованың әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жек өткізуіне рұқсат алдық. Оның қарсыласы танзаниялық боксшы - Хэппи Дауди», - деді ол.

63,5 келі салмақ дәрежесінде өтетін бұл жекпе-жек екі минуттан тұратын он раундқа жоспарланған.

Жеңіске жеткен жағдайда Шарипова кәсіпқой бокста үш салмақ дәрежесінде әлем чемпионы болған алғашқы қазақстандық боксшы атанады.

Айта кетейік, Фируза 26 шілдеде Минскідегі бокс кешінде өнер көрсетуі керек еді, алайда пандемияның салдарынан шекара жабық болғандықтан жекпе-жектен бас тартқан болатын.

Ал оған дейін отандасымыздың ресейлік София Очигава қарсы 19 шілдеге жоспарланған жекпе-жегі өтпей қалған. Аталған жекпе-жек үш рет кейінге қалдырылды. Әу баста кездесу 19 маусымда өтеді деген ақпарат шықты. Кейін кездесу 19 маусымнан 4 шілдеге шегерілді. Араға аз уақыт салып, бокс кеші Бокс күні мерекесіне орай 4 шілдеден 19 шілдеге ауыстырылған болатын.

Шарипова - Очигава жекпе-жегі өтетін уақыт анықталды

Шарипова - Очигава жекпе-жегі кейінге шегерілді

Фируза Шарипова жаңа промоутерлермен төрт жекпе-жек өткізу туралы келісімшартқа отырды