Төрт күн бұрын Prosports.kz порталында Бауыржан Исламхан мен «Зенит» жайлы ақпарат тарағалы бері Қазақстан мен Ресей басылымдарында тыным болмады. Көрші елдің атақты сайттары Исламханның «Зенит» футболшысы атануы қаншалықты мүмкін екенін саралап та үлгерді. Әрине, біз білетін Бауыржанның осал тұстарын олар да жақсы біледі. Дегенмен, өз футболшыларының еркіндігі мен еркелігінен шаршаған, бірнеше миллиондаған долларға жасалған келісімшарттары болса да, команданы алға жетелей алмай жүрген шетелдік ойыншылардан әбден көңілдері қалған ресейліктер «Қайраттың» бұрынғы футболшысын жылы қабылдады деуге болады.

Ресейлік «Чемпионат» порталы Бауыржан Исламханды 2020 жылдың қаңтар айынан бастап танымал еркін агенттердің ТОП-бестігіне кіргізді.

«26 жастағы шабуылдаушы жартылай қорғаушысы «Қайратпен» келісімшартын аяқтап, еркін агент атанды. Бір қарағанда, Исламхан күтпеген жерден «Зениттің» оқу-жаттығу жиынына шақырылды. Алайда саралай келсек Сергей Семакқа әбден керек футболшы. Сапалы плэймейкер. Бірге-бір кез келген қарсыласты артта қалдырып кете алады. «Қазақстанда келешегі зор жастар бар», - деген еді екі жыл бұрын Андрей Аршавин. - Исламхан армян Генрих Мхитаряннан кем емес. Тек қабілетін ары қарай дамыта түсу керек - деп жазды сайт өз материалында.