Жас эритреялық шабандоз Мерхави Кудус 2019 жылдан бастап Әлемдік Турдың командасы «Астана» сапында өнер көрсететін болады.

- Кудус – өте жас әрі жігерлі шабандоз. Оның кәсіби велоспортта қаншалықты жоғарғы нәтижеге қол жеткізе алатыны маған да қызық болып тұр. Ол таза тау шабандозы болғанымен уақытқа арналған жарыстарда да жақсы нәтиже көрсете алады. Кудус Гранд-турларда біздің құрамды одан әрі күшейтетін болады. Әрине, оған алдымен пелотондағы өз орынын табу қажет. Бірақ қандай жағдай болмасын, өзін танытатын мүмкіндігі бар, - деді бас менеджер Александр Винокуров елордалық клубтың ресми сайтына.

24 жастағы Мерхави Кудус Эритрея чемпионы. Жас болғанына қарамастан жоғарғы нәтижелерімен көзге түсіп үлгерген шабандоз. Кудус өткен маусымда «Оман Турының» жастар классификациясын жеңіп, жалпы есепте 4-орынды иемденді.

Сонымен қатар «Валенсия Вуэльтасының» қорытынды классификациясы бойынша 9-нәтиже көрсетіп, «Испания Вуэльтасының» кезеңдерінің бірінде мәреге 2-ші болып келді. 2018 жылы Мерхави «Бургос Вуэльтасының» жалпы есебі бойынша 7-орынды иемденіп, испаниялық Гранд-турдың ең белсенді шабандоздарының бірі атанды.