Төртінші наурыз күні Удине қаласында Италияның А сериясының 27-туры аясында «Удинеза» мен «Фиорентина» арасында ойын өтуі тиіс болатын. Алайда тосын келген суыт хабар бәрін астаң -кестең етті. Артында әйелі мен екі жасар қызын тастап «Фиорентина» командасының капитаны Асторидің бақилық болғандығы белгілі болды.

Екі жасар Николь атты қыздың әкесі қонақүйдегі өзінің бөлмесінен өлі күйінде табылған. Футболшы бар болғаны 31 жаста еді. Бұған дейін ешқашан ауырып көрмеген Асторидің өлімі көп адамға жұмбақ күйінде қалды. Анығы, ойыншының жүрегі тоқтап қалған. Бүкіл әлем футболшының өлімінің себебін анықтауға кіріскен шақта, айналасындағылар көз жасына ерік берген уақытта біз Давид Астори туралы аз-кем сөз етпекпіз. Ендігі жерде Астори туралы айтылатын жылы лебіздердің бәрі өткен шақта айтылатыны өкінішті, әрине...