Теңбіл доп әлемі
Әлем футболы

ҚОШ БОЛ, АСТОРИ...

ҚОШ БОЛ, АСТОРИ...
news-banner7
mobile-news-top

Төртінші наурыз күні Удине қаласында Италияның А сериясының 27-туры аясында «Удинеза» мен «Фиорентина» арасында ойын өтуі тиіс болатын. Алайда тосын келген суыт хабар бәрін астаң -кестең етті. Артында әйелі мен екі жасар қызын тастап «Фиорентина» командасының капитаны Асторидің бақилық болғандығы белгілі болды.

Екі жасар Николь атты қыздың әкесі қонақүйдегі өзінің бөлмесінен өлі күйінде табылған. Футболшы бар болғаны 31 жаста еді. Бұған дейін ешқашан ауырып көрмеген Асторидің өлімі көп адамға жұмбақ күйінде қалды. Анығы, ойыншының жүрегі тоқтап қалған. Бүкіл әлем футболшының өлімінің себебін анықтауға кіріскен шақта, айналасындағылар көз жасына ерік берген уақытта біз Давид Астори туралы аз-кем сөз етпекпіз. Ендігі жерде Астори туралы айтылатын жылы лебіздердің бәрі өткен шақта айтылатыны өкінішті, әрине...

Давид Астори 1987-жылдың жетінші қаңтарында Бергамо қалашығында дүниеге келген. Дәл сол жерде оның футболдық ғұмыры басталды. Ол жастайынан өзіне жоғары талап қоятын. Соның арқасында Астори қатарластарынан оза шапты. 2001-жылы ол даңқты «Милан» командасының жастар құрамына ауысты. Миландық команданың қатарында жүріп ол өзін шыңдай түсті.

Италияның С1 сериясында ойнайтын «Пиццигеттон» және «Кремонеза» клубтарында жалда жүрген жас жеткіншекке «Кальяри» командасының көзі түсіп «Милан» командасынан ойыншыны 1,2 млн еуроға сатып алды.

Италияның А сериясындағы алғашқы ойынын «Кальяри» қатарында «Сиена» командасына қарсы өткізді. Алғышқы жылдың өзінде ол А сериясында он ойын өткізді. Келесі маусымнан бастап негізгі құрамнан ойып тұрып орын алды. Екінші маусымда 34 ойында 2 рет мергендік танытты.

Осы тұста «Милан» клубы ойыншыны қайтарып алудың жолдарын қараған. Асторидің өзі де миландық командаға қайта оралуға қарсы болмаған. Алайда екі клуб басшылығы арасындағы келіссөз нәтижесіз аяқталып, ол «Кальяриде» қалып қойды.

«Фиорентина» клубына ойыншы 2015-жылы ауысып келді. Араға екі жыл салып аталған клубтың капитанына айналды. «Фиорентина» клубы үшін 95 ойын өткізген Асториге сүйікті клубының жейдесімен бұдан артық ойынға шығу бұйырмаған екен.

Ол халықаралық деңгейде көп ойын өткізді десек артық болар. Италия құрамасы үшін 14 кездесуге қатысып бір голдың авторы атанды.

2013-жылы Конфедерация Кубогында үшінші орын үшін өткен ойында Италия құрамасы үшін алғашқы әрі соңғы голын соқты.

Футболшы туралы суыт хабар естілісімен оның командаластары, футбол жұлдыздары, жанкүйерлер және жай ғана қарапайым адамдар әлемнің түкпір-түкпірінен ойыншыға көңіл айтып, отбасымен қайғысымен бөлісуде.

Алайда дәл қазір ешкім де кіп-кішкентай Асторидің қызына оның әкесі енді қайтып келмейтіндігін айтып түсіндіре алмасы анық.

Біз де өз тарапымыздан қара жамылған отбасының қайғысымен бөлісіп, көңіл айтамыз. Жанұясы мен екі жасар Никольдің бақытты болуын тілейміз...

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер