ШҚО-да әйелдер командалары арасындағы клубтық Азия Чемпионаты аяқталды
Шығыс Қазақстан облысында әйелдер командалары арасындағы Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Елордамыздың 20-жылдығына орай ұйымдастырылған чемпионатта тайландтық «Супримнің» бабы келісті. Екінші орын жапониялық «НЕК Ред Рокетс» ұжымына бұйырса, үздік үштікті Қытай елінің «Цзянсу» командасы қорытындылады.
Облыс орталығы биыл кезекті рет заманауи талапқа сай, өткен жылғы доданың лебін сездірер кереметтей жарқын волейбол бәсекесін ұйымдастыра алды.
Келер жылы ШҚО-ның әкімшілік орталығы әйелдер клубтары арасындағы Әлем чемпионатын өткізуге ниет танытып отырғаны ешкімге жасырын емес. Халықаралық (FIVB) волейбол федерациясының Азия чемпионатына ресми келуі де осы сұрақтың кезекті бір жауабы іспетті.
Дүбірлі доданың жабылу салтанатына аймақ басшысы Даниал Ахметов арнайы қатысып, ойыншыларға жылы лебізін білдірді.
– Бүгін әйелдер командалары арасындағы клубтық Азия чемпионаты аяқталып отыр. Бір апта бұрын атлеттеріміз өз елінің намысы үшін айқасуға дайын еді. Енді олар досқа айналды. Аптаға созылған волейбол мерекесіне қатысқан баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Спортшыларға демеу болған жанкүйерлерге де еркеше алғысымды айтамын, – деді облыс әкімі.
Доп додасының жабылу салтанаты айтарлықтай көркем, нақышты өтті. Жекелей есепте жоғары деңгейлі ойын көрсеткен спортшылар арнайы марапатқа ие болды. Чемпионатқа арнайы дайындалған медальдар ең үздік ұжымдарға табысталды. Оның ішінде «Суприм» волейболшылары «Байтерек» үлгісіндегі Кубокке иелік етті.
Айта кету керек, өткен жылы аймақ басшысы Даниал Ахметовтың бастамасымен волейболдан әйелдер клубтары арасында Азия Чемпионаты өткен еді. Айтулы шараны өткізуге Б.Александров атындағы спорт сарайында және бірнеше жаттығу залы толық модернизациядан өтіп, Азиялық волейбол конфедерациясының талабына сай келген болатын.
Командалардың қорытынды жағдайы:
- «Суприм» (Тайланд)
- «НЕК Ред Рокетс» (Жапония)
- «Цзянсу» (Қытай)
- «Алтай» (Қазахстан)
- «Гаруда» (Индонезия)
- «Пайкан» (Иран)
- «VTV Бин Дьен Лонг Ав» (Вьетнам)
- «CMFC» (Қытайлық Тайбей)
- «Ланка Лайонс» (Шри-Ланка)
Номинация бойынша үздік ойыншылар:
«Үздік ойыншы» - Коньот Айчарапорн («Суприм»)
«Үздік шабуылшы» - Ольга Дробышевская («Алтай»)
«Үздік шабуылшы» - Коньот Айчарапорн («Суприм»)
«Үздік орталық тосқауылшы» - Наталья ШАРШАКОВА («Алтай»)
«Үздік орталық тосқауылшы» - Ченью Ванг («Цзянсу»)
«Үздік шабуылшы» - Хироши Нанами («НЕК Ред Рокетс»)
«Үздік байланыстырушы» - Ванкианбай Ронг («Цзянсу»)
«Үздік либеро» - Саяка Ивасаки («НЕК Ред Рокетс»)
ШҚО Дене шынықтыру және спорт
басқармасының баспасөз қызметі