«Алтай» тікелей жартылай финалға жолдама алды
Бүгін Өскеменде клубтық әйелдер командалары арасындағы волейболдан Азия чемпионатының төртінші күні өтті. Барлығы төрт матч ойналды, оның ішінде соңғы ойын жергілікті «Алтай» мен вьетнамдық ««VTV Бин Дьен Лонг Ан» командалары арасында өтті.
Жоғарыда аталған екі ұжым арасында тікелей жартылай финалға жолдама ойнатылды. Бұл жарыспен қатар, футболдан Әлем чемпионатының қатар өткендігін ескерсек, Б.Александров атындағы спорт сарайына халық айтарлықтай мол жиналды. Қалалықтар өздерінің сүйікті «Алтай» клубының ойынын көруді жөн санаған екен.
Шаһарда кімнің қожайын екендігін шығысқазақстандық волейболшылар бірден байқатты. Алғашқы ұпайды вьетнамдықтар олжаласа да, артынша ойын басқаша сипатта өрбіді. Шаршакова, Дробышевская, Аниконова ойын сайын қарқындарын үдете түсті. Баспасөз конференциясында «Алтайдың» бас баспкері Юрий Панченко айтқандай, алғашқы минуттардан-ақ бар күшін салып ойнауды тапсырған. Осының бір дәлелі тосқауылда Наталья Шаршакова аса сауатты ойнады. Жалпы 14 ұпай жинаса, бір тосқауылмен-ақ 9 ұпай алды. Тіпті, алған жарақатына қарамай үздік шабуылшылардың бірі болып қала берді. Жарақаты жеңіл болғай.
Ары қарай тартысты ойын дегеннен гөрі, тас-талқан етіп ұтылу деп айтсақ болар. Үшінші сетте біздің ойыншылардың ойыны ерекше жүріп тұрды. Жоғарыда аталған Наталья Шаршакова тосқауылдарын жиілетіп жіберді. Ал Акилова қарсыластың бос тұрған аймағына допты сан рет тастап, көрермендердің де айызын қандырды. Екі мәрте эйс тіркеген Кристина Аниконова болса, допты ойынға қосарда вьетнамдықтарға үлкен қиындық тудырған еді. «Алтай» ұпай бойынша ұзап кеткені соншалық, бас бапкер алаңға Айнаш Айжарықованы қосты. Ол да өзінің алғашқы ұпайын алып үлгерді.
Қорытынды есеп – 3:0 (25:17, 25:21, 25:15). Келесі ойынын өскемендік бұрымдылар тек сейсенбі күні, тікелей жартылай финалда өткізеді. Басым жағдайда, оларға жапониялық «НЕК Ред Рокетс» клубы қарсылас атанып қалуы мүмкін. Себебі бұл ұжым дүйсенбі күні Қытайлық Тайпеден келген «CMFC»-тен басым түсулері әбден мүмкін.
Айта кетейік, өткен жылы аймақ басшысы Даниал Ахметовтың бастамасымен елімізде алғаш рет әйелдер клубтары арасында волейболдан Азия чемпионаты өткен болатын. Ауқымды шараны өткізу үшін Б.Александров атындағы спорт сарайының алаңында және жаттығу бөлмелері толық модернизациядан өтіп, Азия волейбол конфедерациясы талабына сай келген еді. Енді биыл аталмыш ұйым ауқымды доданы екінші жыл қатарынан шаһармызда өткізуге келісімін берді.
ШҚО Дене шынықтыру және спорт
басқармасының баспасөз қызметі