Азия чемпионатының айрықша ашылуы

Азия чемпионатының айрықша ашылуы

Бүгін Өскемендегі Б.Александров атындағы спорт сарайында волейболдан әйелдер клубтары арасындағы Азия чемпионаты басталды. Аталмыш спорт нысанының түгелдей заманауй құралдармен жабдықталуы аймақтағы волейбол спортының дами бастағанының бір көрінісі десе де болады.

Өткен жылы шаһарымызда аталмыш жарыс өз деңгейінде өткен еді. Биыл Азиялық волейбол конфедерациясы облыс әкімі Даниал Ахметовтың бастамасын қолдай отырып, сайысты екінші рет өткізуді сеніп тапсырды. Аймақ басшысы чемпионаттың алғашқы күні бірден екі ойынды тамашалап үлгерді. Соның бірінде былтыр чемпион атанған тайландтық «Суприм» клубы еш қиындықсыз 3:0 есебімен жас ойыншылардан жасақталған қытайлық «Цзяньсу» командасын тізе бүктірді. Ал келесі ойында біздің өскемендік аруларымыз «Алтай» волейбол ұжымы ирандық «Пайканды» жоғарыда аталғандай, 3:0 есебімен айласын асырды.

Бәрінен де жиналған жұртты сайыстың ашылу салтанаты қызықтырған еді. Сегіз шет елдік ұжым, одан бөлек, алаң қожайындары шығысқазақстандық «Алтай» командасы кезекпен жұрт алдына беттеді. Спорт сарайының үлкен залында ине шаншар орын қалмаған. Жанкүйерлер барлық қатысушыны зор қошеметпен қарсы алды. Еліміздегі волейбол федерациясының Президенті Нұртай Абыкаев командаларға сәттілік тілеп, шараның өткізіліуіне бағасын беріп өтті.

 – Мұндай маңызы зор жарысты елімізде биыл екінші рет өткізу біз үшін үлкен қуаныш. Одан бөлек, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының бұқаралық спортқа деген қолдауы ерекше екені өздеріңізге де мәлім. Чемпионат соңына дейін талай тартысты ойындардың кәуәсі боламыз деген сенімдемін, – деді ол.

Одан кейін қос ұжым қыздырыну жаттығуын бастап кетті. Арада аз уақыт өтіп, төреші ысқырығы естілді. Осылайша ойын басталған еді. Шығысқазақстандық арулар ойынның фавориты саналғанмен, ирандықтар жоғары деңгейлі ойын көрсетуге бекініп келгендіктерін бірден аңғартты. Олар негізінен допты қабылдау кезінде сауаттылық танытты. Тіпті, біздің ойыншылар әр техникалық үзіліске тек 2-3 ұпай айырмашылығымен ғана шығып жатты. Дегенмен, Юрий Панченко бастаған бұрымдыларымыз ойынды үнемі бақылауда ұстап, қарсыластың адымын аштырмады. Қорытындысында, есеп – 3:0 (25:18, 25:16, 25:17) сенімді жеңіс.

 – Ойын ойдағыдай өтті деп айта алмаймын, – деді ойын соңында клуб капитаны Сана Анарқұлова. – Аздаған қобалжу, эмоциялар кедергісін келтірді. Өз алаңында әр команда тек жоғары деңгейлі ойын көрсеткісі келетіні белгілі, осыдан барып қателіктер де орын алып жатады. Келесіде  бұдан гөрі жинақы, әрі сапалы ойын көрсетерміз.

Келесі матчты «алтайлықтар» шілденің 13 күні Қытайлық Тайпейдің чемпионы «СMFC»-ке қарсы өткізеді. Бұл кездесу сағат 19:00-де Б.Александров атындағы спорт сарайында өтпек.

 

ШҚО Дене шынықтыру және спорт

 басқармасының баспасөз қызметі

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или