Қазақстан құрамасы керлингтен әлем чемпионатының іріктеу кезеңінен өте алмады
Керлингтен Қазақстан ерлер құрамасы Шотландияның Абердин қаласында өткен іріктеу турнирінде плей-офф кезеңіне шыға алмады, деп хабарлайды Prosports.kz.
ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің мәліметінше, Қазақстан құрамасы А тобында жеті кездесу өткізіп, үшеуінде жеңіске жетіп, төртеуінде жеңіліс тапты. Нәтижесінде алты ұпай жинаған отандастарымыз топта алтыншы орынға тұрақтады.
Топтық кезеңнің соңғы матчында қазақстандық спортшылар Гонконг құрамасымен кездесті. Негізгі сегіз эндте жеңімпаз анықталмағандықтан, ойын қосымша эндке ұласты. Шешуші сәтте қарсылас басым түсіп, 8:5 есебімен жеңіске жетті.
Бұған дейін Қазақстан Данияны (5:3), Аустрияны (7:4) және Мексиканы (9:3) жеңген болатын. Ал Түркия (3:6), Норвегия (1:6), Испания (4:7) және Гонконг (5:8) құрамаларына есе жіберді.
Осылайша, Қазақстан құрамасы А тобында алтыншы, ал турнирдің жалпы қорытындысында 12-орын алды. Плей-офф кезеңіне әр топтан үздік төрт команда жолдама алды. А тобынан Норвегия, Дания, Аустрия және Түркия келесі кезеңге өтті.
Қазақстан намысын бұл жарыста Абылайхан Жүзбай, Әділ Жұмағожа, Айдос Әлияр, Мадияр Қорабаев және Дмитрий Гарагуль қорғады.
Айта кетейік, іріктеу турнирінің қорытындысы бойынша алты құрама 2027 жылғы әлем чемпионатына жолдама алады.