Қазақстан құрамасы керлингтен әлем чемпионатына іріктеуде шешуші матч өткізеді
Керлингтен Қазақстан ерлер құрамасы Шотландияның Абердин қаласында өтіп жатқан 2027 жылғы әлем чемпионатына іріктеу турнирінде өнер көрсетуін жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Prosports.kz.
Топтық кезеңнің бесінші матчында қазақстандық спортшылар Мексика құрамасын 9:3 есебімен сенімді жеңді. Алайда келесі кездесуде Испаниядан 4:7 есебімен жеңіліп қалды.
Алты турдан кейін Қазақстан құрамасының еншісінде үш жеңіс пен үш жеңіліс бар. Осы нәтижемен отандастарымыз А тобында Аустриямен бірге төртінші орынды бөлісіп тұр.
Топ көшін алты жеңіске жеткен Норвегия бастаса, екінші орында Дания (5 жеңіс), үшінші сатыда Түркия (4 жеңіс) орналасқан.
Қазақстан құрамасы топтық кезеңдегі соңғы әрі шешуші кездесуін 12 қарашада Гонконгқа қарсы өткізеді.
Айта кетейік, әр топтан үздік төрт құрама плей-офф кезеңіне жолдама алады. Ал турнир қорытындысы бойынша алты үздік команда 2027 жылғы әлем чемпионатына қатысу құқығын иеленеді.