Маттео Малучелли «Тур Лангкавидің» үшінші кезеңінде жеңіске жетті

Маттео Малучелли «Тур Лангкавидің» үшінші кезеңінде жеңіске жетті

Италиялық XDS Astana Team велошабандозы Маттео Малучелли Малайзияда өтіп жатқан көпкүндік «Тур Лангкави» жарысының үшінші кезеңінде жеңіске жетті, деп хабарлайды Prosports.kz.

Қашықтықтың мәрелік бөлігі жаппай спринтпен аяқталып, онда Малучелли тағы да бірінші болып келді. Бұл 32 жастағы спортшының биылғы маусымдағы жетінші жеңісі. Ал қазақстандық команда үшін Малучеллидің бұл жетістігі 2026 жылғы 30-жеңіс болды.

Мәре сызығын бірінші болып кескеннен кейін италиялық велошабандоз жарыстың жоғары температура жағдайында өткенін атап өтті. Оның айтуынша, команда кезеңнің соңғы бөлігіне алдын ала жоспар құрғанымен, жарыс барысында қарсыластарының әрекетіне қарай тактиканы өзгертуге тура келген.

Малучелли соңғы шақырымдарда Аарон Гейт пен Глеб Сырица шешуші спринт алдында оған тиімді позицияға жайғасуға көмектескенін айтты. Италиялық спортшы мәрелік шабуылды Пикрелдің дөңгелегінен бастады да, қарсыласынан тек соңғы 20 метрде оза алды.

«Бүгін өте ыстық болды. Жалпы кезеңдегі жылдамдық аса жоғары болмағанымен, күн өте қиын өтті. Біз жарыстың соңғы бөлігіне нақты жоспармен шықтық. Алайда басқа командалардың да өз жоспарлары болды, сондықтан жарыс барысында тактикамызды өзгертуге тура келді.

Соңында Аарон Гейт пен Глеб Сырица маған керемет лид-аут жасап берді. Мен қажетті позицияда болдым, бірақ соңында Пикрелдің дөңгелегінен бастауға тура келді. Оны тек соңғы 20 метрде басып оздым. Спринт өте тартысты өтті, бірақ мәре сызығында екеуіміз де менің жеңіске жеткенімді түсіндік», — деді Малучелли.

Енді велошабандоздарды екі таулы кезең күтіп тұр. Малучелли оларды қалпына келу үшін пайдалануды жоспарлап отыр. Ал Харольд Мартин Лопес командаластарының қолдауымен таулы кезеңдерде нәтижеге таласып көрмек.

«Алдымызда екі таулы кезең бар. Мен үшін бұл белгілі бір деңгейде қалпына келіп, демалуға мүмкіндік. Харольд Мартин Лопес тауда жақсы нәтиже көрсетуге тырысады, команда оған көмектеседі. Сонымен қатар, біз келесі спринтерлік кезеңдерге күшімізді сақтауға тырысамыз», — деп қосты италиялық велошабандоз.

Үшінші кезеңнен кейін Малучелли «Тур Лангкавидің» ұпайлар классификациясындағы басымдығын арттырды.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или