Ришат Хайбуллин: Өзімнен бұрын інім үшін алаңдадым

Ришат Хайбуллин: Өзімнен бұрын інім үшін алаңдадым

Жуырда Испанияның Алькобендас қаласында спорттық құзға өрмелеуден Әлем кубогының кезеңі өтті. Аталған жарыста Қазақстан құрамасының спортшылары да өнер көрсеткенімен, бұл жолы жүлде тұғырына көтеріле алмады.

Айта кетерлігі, ұлттық құраманың жетекші спортшыларының бірі Ришат Хайбуллин бұл кезеңде бақ сынаған жоқ. Оның айтуынша, күнтізбенің тығыз болуына байланысты ол бұл жарысты өткізіп жіберіп, алдағы маңызды бәсекелер қарсаңында күш жинап, спорттық бабын қалыпқа келтіруге басымдық берген. Бұл туралы спортшы Olympic.kz сайтына берген сұхбатында айтты.

- Биыл бауырыңызбен бірге жағажайдағы Азия ойындарында жүлде жеңіп алдыңыздар. Бұл нәтиженің сіз үшін маңызы қандай?

- Жағажайдағы Азия ойындары мен үшін кез келген кешенді жарыс секілді ерекше мәнге ие. Мұндай додалардың құндылығы жекелей жарыстарға қарағанда жоғарырақ деп есептеймін. Жарыстың атмосферасы, оған дайындық, спортшылар қалашығындағы өмір – мұның бәрі жарыстың деңгейін айқындап тұрады.

Биыл бұл бәсеке Қытайдың Санья қаласында өтті. Құзға өрмелеуден "жылдамдық" дисциплинасында жекелей және эстафеталық сайыс ұйымдастырылды. Осы маңызды халықаралық жарысқа менімен бірге інім Рашид те барды. Мен оның тек ағасы ғана емес, жеке бапкерімін деуге болады. Сондықтан оған үлгі болып, халықаралық аренаға бейімделуіне көмектескім келді. Бірінші күні жекелей сайыс өтті. Шынымды айтсам, өзімнен гөрі інім үшін көбірек алаңдадым. Себебі менде үлкен тәжірибе бар, ал ол үшін бұл осындай деңгейдегі алғашқы жарыс еді.

Сол күні финалда үшінші орын алып, қола жүлде жеңіп алдым. Алтын медаль әлем рекордының иесі атанған қытайлық спортшыға бұйырса, күмісті индонезиялық қарсылас иеленді. Сонымен қатар жеке рекордымды жаңартып, жарыс жолын 4,81 секундта бағындырдым.

Інім мен үшін жанкүйер болып, жан тәнімен қолдау көрсетті. Оның қолдауын сезіну өте жағымды болды. Кейін спортшылар қалашығына қайтып бара жатқанда оған медалімді көрсетіп: "Көрдің бе, осылай жеңіске жетеді. Енді сен де дәл солай жаса", - деп әзілдедім. Екеуміз күліп алдық. Ал келесі күні эстафетада жұп болып жарысып, тағы да қола жүлдеге қол жеткіздік. Бұл жолы да бұған дейін алтын мен күміс алған спортшылар мен олардың командаластарына жол бердік. 

Сол сәтте інім менің сөзімді тура мағынасында қабылдағандай көрінді. Шыны керек, оның жетістігіне өз нәтижемнен де қатты қуандым.

- Бауырыңызбен бір командада өнер көрсеткенде қандай сезімде боласыз? Бұл психологиялық тұрғыдан көмектесе ме?

Жоғарыда айтқанымдай, жарыс кезінде өзімнен бұрын інім үшін алаңдадым. Бірақ жалпы алғанда, жарыс барысында бар назарымды өз жұмысыма аударуға тырысамын. Яғни, жарыс жолында қатесіз өтуге, техниканы сақтауға және қозғалыс жылдамдығына көңіл бөлемін. Сондықтан жанымда бауырым немесе басқа біреу болса да, артық нәрсеге алаңдамауға тырысамын. Себебі сол сәтте мен оған ағадан бұрын бапкер болдым. Финал алдында кеңес беріп, түрлі ескертулер айтып, оның өз мүмкіндігін толық көрсетуіне барынша көмектесуге тырыстым.

- Қазіргі таңда дайындық қалай жүріп жатыр? Жаттығу барысында қандай бағыттарға басымдық бересіз?

- Қазір халықаралық маусым қызу жүріп жатқандықтан, негізгі назарымды өрмелеу сапасы мен эталондық трассадағы жүгіру техникасына аударып отырмын. Мен үшін ең маңыздысы – жарысқа қажетті спорттық қалыпта келу. Ал мұны жүзеге асыру ең күрделі міндеттердің бірі. Қарапайым тілмен айтқанда, қазір көп өрмелеймін де, дене дайындығына арналған жаттығуларды азырақ орындаймын.

- Мамыр айында Испанияда өткен Әлем кубогы кезеңіне қатысқан жоқсыз. Бұған не себеп болды?

- Жыл басында жарыс күнтізбесін алған кезде барлық халықаралық бәсекелерді алдын ала жоспарлап шықтым. Негізгі мақсатым – маусым бойы спорттық бабымды дұрыс қалыптастыру болды. Алайда жылдың басындағы ұзаққа созылған тұмау жоспарларыма өзгеріс енгізді. Соның салдарынан дайындық циклін қайтадан бастауға тура келді. Дегенмен жағажайдағы Азия ойындарына дейін қажетті қалыпқа келе алдым.

Жалпы алғанда, биылғы маусым тым тығыз деп есептеймін. Сондықтан тәжірибелі спортшы ретінде кейбір жарыстарды саналы түрде өткізіп жіберемін. Бұл басқа маңызды додаларда барынша нәтижелі өнер көрсету үшін қажет. Испаниядағы Әлем кубогы кезеңіне де осы себеппен бармадым. Денемнің қалпына келуіне және сапалы жаттығу өткізуге уақыт қажет болды.

- Алдағы уақытта қандай халықаралық жарыстарға қатысуды жоспарлап отырсыз?

- Қазіргі таңда Польша мен Францияда өтетін Әлем кубогының екі кезеңіне дайындалып жатырмын. Бұл маған қысқа уақыт аралығында қатарынан екі ірі халықаралық жарыста бақ сынауға мүмкіндік береді.  Тәжірибе көрсеткендей, бұл жарыстар маусымдағы ең жылдам әрі ең жоғары деңгейдегі бәсекелердің қатарына жатады.

- Биылғы маусымдағы басты жарыстарыңыз қайсы?

- Шыны керек, маусым басындағы Азия чемпионаты мен үшін ең маңызды жарыстардың бірі болды. Алайда жарысқа шығардан екі апта бұрын тағы да ауырып қалып, қажетті деңгейде дайындала алмадым. Жалпы, бұл жыл мен үшін салыстырмалы түрде тыныш өтеді деп ойлаймын. Себебі басты назарымды алдағы екі жылға, нақтырақ айтқанда Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына аударып отырмын.

- Алдағы жарыстарға қандай мақсат қойып отырсыз?

- Менің басты мақсатым әрдайым өз мүмкіндігімді толық көрсетіп, жарыстан ләззат алу болып қала береді. Спорттық бабымның шыңына шығып, оны жарыста көрсете алсам, ерекше қуанамын. Ал қолымнан келмесе, әрине көңілім толмайды. “Жылдамдық” бағдарламасының ерекшелігі – жарыс барысында түрлі жағдайдың болуы. Сондықтан нақты нәтижені болжап айту қиын.

- Былтырғы маусыммен салыстырғанда дайындығыңыз қаншалықты өзгерді?

- Қазір бұлшықет күшін арттырудан гөрі өрмелеу техникасына көбірек көңіл бөліп жүрмін. “Жылдамдық” бағдарламасында өз денеңді сезіну, қозғалысты толық бақылау және психологиялық тұрақтылық аса маңызды. Көпжылдық тәжірибеме сүйене отырып, бұрынғыға қарағанда аздау жаттығамын. Бірақ әр жаттығудың тиімділігіне көбірек мән беремін.

- Алдағы халықаралық жарыстар қарсаңындағы спорттық бабаңызды қалай бағалайсыз?

- Қазіргі жағдайымды жақсы деп бағалаймын. Дегенмен халықаралық аренада толық әлеуетімді көрсету үшін әлі де жұмыс істеу қажет деп ойлаймын. Әдетте жарыс алдында өзімді қажетті деңгейге жеткізе аламын. Себебі өз ағзамды жақсы білемін және қай жерде тоқтау керектігін түсінемін. Қалғанын уақыт көрсетеді.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или