Қазақстандық паражүзуші World Para Swimming Series турниріне қатысқан Орталық Азиядағы алғашқы спортшы атанды
2026 жылғы 9 мамырда Берлинде Қазақстан мен тұтас Орталық Азия үшін бұрын болмаған оқиға тіркелді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Өңірімізден алғаш рет спортшы World Para Swimming Series кезеңіне қатысты. Әлемдегі ең мықты паражүзушілер жиналатын бұл турнир халықаралық параспорттағы ең беделді жарыстардың саналады.
9 мамыр — Жеңіс күні. Қайсарлық пен төзімнің, рух мықтылығының белгісі болған дата енді Қазақстандағы инклюзивті спорт тарихындағы жаңа кезеңмен де байланыса бастады.
Берлиндегі жарыста ел намысын Әмір Алпамыс қорғады. Осылайша ол World Para Swimming Series турниріне қатысқан Орталық Азиядағы алғашқы спортшы атанды.
Әмір кәсіби спорт жүйесінен шыққан спортшы емес. Аутизмі бар баланың халықаралық деңгейге дейін жетуі — отбасының сенімі, жаттықтырушының табанды еңбегі және Idsport федерациясы қалыптастырған қолдау ортасының нәтижесі.
Төрт жыл ішінде федерация инклюзивті спортты дамыту бағытында ауқымды жұмыс атқарды. Әңгіме тек жарыс ұйымдастырумен шектелген жоқ. Интеллектуалдық даму ерекшеліктері бар спортшылардың құқықтары спорт жүйесінде ресми түрде ескеріле бастады. Заңнамалық және нормативтік деңгейдегі өзгерістер аутизмі бар азаматтардың жоғары жетістіктер спорына келуіне жол ашты.
2026 жылдың ақпанында Қазақстан халықаралық спорт кеңістігінде Дастан Ордабай арқылы танылған еді. Ол да кәсіби спорттан келмеген. Әмір мен Дастанның нәтижесі бір нәрсені анық көрсетті: тұрақты қолдау мен дұрыс дайындық болса, ерекше спортшылар әлемдік деңгейде өнер көрсете алады.
Федерация президенті Дина Темірғалиева мен жаттықтырушы Ернұр Сайлаубек спортшылармен бірге алғашқы күннен қатар жүрді. Халықаралық ареналарға дейін олар Әмір мен Дастанмен бірге әуесқой жарыстарға қатысып, әр кезеңді бірге өткерді. Бүгінгі нәтиженің артында дәл осындай сенім мен ұзақ еңбек тұр.
Қазір Қазақстан Virtus халықаралық федерациясының құрамына енген Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет саналады. Virtus — Халықаралық паралимпиада комитетінің ресми мүшесі. Федерация бүгінде жүзу, жеңіл атлетика, үстел теннисі, велоспорт, баскетбол, шаңғы споры секілді бірнеше бағытты дамытып келеді.