«Манчестер Сити» Вальвердеге қызығушылық танытып отыр
Мадридтің «Реал» клубының жартылай қорғаушысы Федерико Вальверде жазда командадан кетуі ықтимал футболшылардың қатарына енді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Испаниялық басылымдардың мәліметінше, уругвайлық футболшының командаласы Орельен Тчуамениімен жанжалдасуынан кейін бірнеше еуропалық клуб оның жағдайын бақылап отыр. Әсіресе, «Манчестер Сити» Вальвердеге қызығушылық танытып отырғаны айтылып жүр.
Дереккөз мәліметіне сәйкес, 27 жастағы ойыншының трансферлік құны 100-120 миллион еуро аралығында бағалануы мүмкін. Алайда футболшының «Реалдан» кеткісі келмейтіні хабарланды.
Айта кетелік, биылғы маусымда Федерико Вальверде барлық турнирде 48 матч өткізіп, тоғыз гол соғып, 13 нәтижелі пас берген. Оның мадридтік клубпен келісімшарты 2029 жылдың жазына дейін жарамды.