Семейдк қазақ күресінен ел чемпионаты басталды

Семейдк қазақ күресінен ел чемпионаты басталды

Бүгін, 23 сәуір күні Семей қаласында қазақ күресінен жастар (ұлдар мен қыздар) арасындағы Қазақстан чемпионаты басталды, деп хабарлайды Prosports.kz.

Чемпионатқа Қазақстанның барлық өңірлерінен келген 400-ден астам жас балуан қатысуда. Жарыс ережесіне сәйкес, ұлдар мен қыздар 16 келі салмақ дәрежесінде өзара күш сынасуда. Спорттық шараның салтанатты ашылу рәсімінде Абай облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақыт Әсенғазыұлы Бекбосынов сөз сөйлеп, өңірде ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Сондай-ақ жас балуандарға сәттілік тілеп, бұл чемпионат олардың шеберлігін шыңдайтын маңызды дода екенін жеткізді.

– Абай облысы – қазақ спортының қайнар бұлағы десек, артық айтқандық емес. Бұл қасиетті жерден талай әлем және Азия чемпиондары шыққан, «Қазақстан барыстары» түлеген өңір. Абай елі төл күресіміз – қазақ күресін ерекше құрметтейді. Өйткені бұл спорт – намыс пен рухтың, жігер мен қайсарлықтың көрінісі. Сондықтан оның жастар тәрбиесіндегі орны айрықша. Жақсылық Үшкемпіров ағамыз «Менің туым – ар, намыс! Білегі емес, жігері мықты жеңіске жетеді» деген еді. Құрметті балуандар, білектеріңіз талса да, кілемдегі жігерлеріңіз талмасын! – деді Бақыт Бекбосынов.

Өз кезегінде Qazaq Kuresi Ассоциациясының бас директоры Мейіржан Берекетов чемпионаттың маңыздылығына тоқталды.

– Ұлт руханиятының алтын бесігі Абай облысы болса, Семей қаласы ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының ізі қалған, қазақтың рухы мен мәдениеті тоғысқан киелі мекен.Осындай жерде өтіп жатқан чемпионаттың жөні бөлек. Бұл жарыс жастарға тәжірибе жинап, өз мүмкіндігін көрсетуге үлкен мүмкіндік береді. Бұл дода жастардың шеберлігін шыңдап, үлкен спортқа жол ашатын маңызды кезең, – дей келе ол балуандарға сәттілік тіледі.

Шара барысында қазақ күресін дамытуға үлес қосып жүрген сала өкілдеріне Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың Алғыс хаттары мен Qazaq Kuresi Ассоциациясының «Қазақ күресін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісі табысталды.

Атап айтқанда, бұл марапаттарға халықаралық дәрежедегі төреші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Шыңғысбек Бейсенұлы Тұрсынов, қазақ күресінің тұңғыш спорт шеберлерінің бірі Қуаныш Әбекбаев және сала маманы Айдар Тұрсынханұлы Шоманов марапатқа ие болды.

Айта кетейік, Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт кешенінде өтіп жатқан дүбірлі дода «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ мен Sport Qory спортты қолдау қорының демеушілігімен өтуде.

Қазақ күресінен аралас командалық жарыста жеңімпаз анықталды

Түркістанда қазақ күресінен ел кубогы мәресіне жетті

Қазақ күресінен үздік үш маманға құрмет көрсетілді

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или