Қонысбек Төкенов: Азия чемпионатына ел біріншілігінде топ жарған жігіттер барады
Грек-рим күресінен Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Қонысбек Төкенов екі рейтингтік турнирден кейін балуандардың нәтижесіне баға берді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Отандық «классиктер» жыл басынан бері Хорватияның Загреб және Албанияның Тирана қаласында өткен рейтингтік турнирлерге қатысты.
«Бұл екі бәсеке жігіттердің маусым басындағы әлеуетін тексеріп алуға арналды. Бірқатар балуанымыз өз салмағында күрескен жоқ. Мәселен, Демеу Жадыраев, Айдос Сұлтанғали мен Ислам Евлоевтар жоғары салмақтарда белдесті. Маусым орталаған тұста олар үйреншікті салмақтарына оралады. Нәтиже жаман емес, әлі жұмыс істеу керек. Ұлттық құрамадағы бірнеше спортшының әлеуетін байқадық», - деді Төкенов мырза.
Сондай-ақ, бас бапкер алдағы Азия біріншілігі мен Азия ойындарына қатысты маңызды ақпаратпен бөлісті.
«Сәуірде өтетін Азия чемпионатына соңғы Қазақстан біріншілігінде топ жарған жігіттер барады. Әу бастан солай келісілді, сондықтан, рейтингілік турнирлердің нәтижесі бұл жерде әсер етпейді. Ал Азия ойындарына баратын жігіттерге арнайы іріктеу өткіземіз. Сол іріктеуден сүрінбей өткендері ғана құрлықтың кішігірім Олимпиадасында бақ сынайды», - деді бапкер Sportbugin.kz сайтына берген сұхбатында.
Айта кетейік, Қонысбек Төкенов бастаған Қазақстан құрамасы Хорватияда 1 күміс, 5 қола жүлдемен жалпы есепте 3-орын алды. Ал Албаниядағы турнирде 1 алтын, 2 қола медаль еншілеген болатын.
Қазақстандық балуандар рейтингтік турнирден олжалы оралды
Қазақстандық балуандар рейтингтік турнирде алты медаль жеңіп алды
Қазақстандық балуандар Албаниядағы турнирде тағы екі алтын медаль жеңіп алды