Еркін күрестен ұлттық құрама Азия чемпионатына дайындықты бастады

Еркін күрестен ұлттық құрама Азия чемпионатына дайындықты бастады

Қазақстан ерлер құрамасы еркін күрестен 2026 жылғы Азия чемпионатына дайындықтың бірінші кезеңін бастады, деп хабарлайды Prosports.kz.

Ұлттық құраманың бас бапкері Данияр Қайсанов Olympic.kz сайтына берген сұхбатында Албаниядағы халықаралық турнирді қорытындылап, іріктеу жүйесі жайлы айтып берді.

«Алғашқы оқу-жаттығу жиынымыз негізінен бақылау сипатында өтті. Яғни, балуандардың дайындығын көріп, қандай кемшіліктер бар екенін сараладық. Енді жаттықтырушылармен бірлесіп, алдағы дайындық жоспарын жасап, қажетті өзгерістер енгіземіз. Қазір Азия чемпионатына дейін балуандарды бабына келтіруге бағытталған нақты жоспар құрдық деп ойлаймын. Алғашқы кезеңде сол жоспар бойынша жүйелі жұмыс жүргізіледі», - деді Данияр Қайсанов.

Сондай-ақ ұлттық құраманың бас бапкері Албаниядағы турнирде белдескен балуандардың өнеріне баға беріп, жіберілген қателіктерді түзету қажеттігін атап өтті.

«Бұл жолы біздің бірқатар көшбасшы балуандарымыз жарысқа қатысқан жоқ. Мысалы, Асылжан мен Нұрқожа белдескен жоқ. Сонымен қатар кейбір спортшылар өз салмақ дәрежесінде күреспеді. Жалпы алғанда, балуандарымыз жаман өнер көрсеткен жоқ. Дегенмен бірқатар кемшіліктер байқалды. Жуырда арнайы жиналыс өткізіп, сол қателіктерді балуандармен бірге талқылаймыз. Алдағы уақытта мұндай олқылықтарды жою үшін тиісті тапсырмалар беріледі.

Жалпы олардың талпынысы жаман емес. Әр спортшының дайындығы әртүрлі деңгейде болады. Кейбіріне төзімділік жетіспесе, енді біріне техникалық дайындықты күшейту қажет. Ал кейбір спортшыларға психологиялық тұрғыда қолдау керек. Сондықтан әр балуанмен жеке жұмыс жүргізу маңызды», - деді бас бапкер.

Сонымен қатар Данияр Қайсанов құраманың алдағы дайындық жоспарына да тоқталып, жаттығу барысында қай бағытқа басымдық берілетінін нақтылады.

«Қазіргі таңда біз «Алма-Тау» базасында алғашқы дайындық кезеңін өткізіп жатырмыз. Мұнда балуандардың төзімділігін арттырып, бозкілемдегі қателіктерін саралауға басымдық берілуде. Сонымен қатар физикалық дайындыққа бағытталған жаттығулар да жүргізіліп жатыр. Ал 20 наурыз бен 8 сәуір аралығында Тараз қаласында Азия чемпионатына арналған соңғы оқу-жаттығу жиынын өткіземіз», - деді маман.

Биылғы маусымның жарыс кестесі өте тығыз болмақ. Ұлттық құрама бірнеше ірі халықаралық турнирлерде бақ сынайды. Осы орайда бас бапкер құрама сапы қалай жасақталатынын айтты.

«Федерация өкілдерімен келісе отырып, Азия ойындарына іріктеу 17-20 мамыр аралығында өтетін Қазақстан кубогы аясында ұйымдастырылады. Сол жарыста жеңіске жеткен балуандар Азия ойындарына қатысуға мүмкіндік алады».

Балуан қыздарымыз Азия чемпионатына жүйелі дайындықты бастады

Қазақстандық балуандар рейтингтік турнирден олжалы оралды

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или