AFC ұлттық құрамаларға арнап жаңа тұрақты турнир өткізбек
Азия футбол конфедерациясы ұлттық құрамаларға арналған Ұлттар лигасын құратынын ресми түрде мәлімдеді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Ресми хабарлама 2025 жылғы 21 желтоқсанда Куала-Лумпурда жасалды. Жаңа жарыс ФИФА-ның халықаралық терезелерінде өтеді және матчтардың сапасын арттыруға, күнтізбені тұрақтандыруға, сондай-ақ логистикалық әрі қаржылық шығындарды азайтуға бағытталған. Турнирдің нақты форматы, мерзімі мен регламенті әлі талқыланып жатыр, басталу уақыты кейін белгілі болады.
Азия футбол конфедерациясы бас хатшысы Датук Сери Виндзор Джонның айтуынша, Ұлттар лигасы — конфедерация құрамындағы 47 ұлттық ассоциацияның тұрақты дамуына арналған ұзақмерзімді стратегияның жалғасы. Бұл бастама жан-жақты талдау мен аймақтық федерациялармен кеңесуден кейін мақұлданған. Жарыс қолданыстағы ФИФА күнтізбесі аясында өтеді, жаһандық кестеге өзгеріс енгізілмейді.
AFC мәліметінше, жаңа платформа құрамаларға деңгейлес қарсыластармен жиі ойнауға мүмкіндік беріп, Азия кубогы мен әлем чемпионатының іріктеуіне дайындықты тиімді етеді. Сонымен қатар бастама конфедерацияның коммерциялық серіктестері тарапынан қолдау тауып отыр, олар көрермен қызығушылығы мен ұлттық құрамалардың медиа тартымдылығы артады деп күтеді.