Терренс Кроуфорд Әлімханұлымен емес, Сауль «Канело» Альвареспен реванш өткізуі мүмкін
 
                  Boxingnews24.com сайтының хабарлауынша, екінші орта салмақтағы абсолютті әлем чемпионы Терренс Кроуфорд Жәнібек Әлімханұлымен емес Сауль «Канело» Альвареспен реванш өткізуді қалайды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Дереккөз мәліметінше, Кроуфордтың келесі қадамы көп жағдайда ұйымдастырушылар ұсынатын қаржылық шарттарға байланысты болмақ. Егер Альварес тобы ресми ұсыныс жасаса, реванш ең ықтимал нұсқа ретінде қарастырылуда.
Басылым жазғандай, Кроуфорд орта салмақтағы жағдайды, соның ішінде 6 желтоқсанда өтетін Әлімханұлы мен Эрисланди Лара арасындағы жекпе-жекті мұқият бақылап отыр.
«Кроуфордтың Жәнібек Әлімханұлы — Эрисланди Лара жекпе-жегінің жеңімпазымен кездесетініне толық сенім жоқ. Егер Турки әл аш-Шейх тарапынан тиімдірек қаржылық ұсыныс түссе, Кроуфорд басқа бағытты таңдауы мүмкін», — деп жазады Boxingnews24.
Омахадан шыққан америкалық боксшы қыркүйекте Сауль «Канело» Альваресті төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңгеннен кейінгі келесі мүмкіндігін күтуде. Егер мексикалық жұлдыз реванш талап етсе, Кроуфорд дәл сол бағытты таңдауы мүмкін. Себебі бұл қаржылай жағынан тиімді әрі ол «Канелоны» жеңе алатынын дәлелдеген.
Бұған дейін Жәнібек Әлімханұлы Кроуфордпен жекпе-жек бүкіл әлем боксы үшін тарихи оқиға болатынын атап өтіп, басты мақсаты орта салмақтағы төрт белбеудің барлығын біріктіру екенін мәлімдеген.
Ресми: Жәнібек Әлімханұлы WBA чемпионы Эрисланди Ларамен кездеседі
Жәнібек Әлімханұлының салмағында IBF чемпиондығына үміткер анықталды
Сәкен Бибосынов кәсіпқой бокстағы екінші жекпе-жегін өткізді
Бокстан Қазақстан чемпионатының барлық жеңімпаздары белгілі болды