Семей рингі: Хальзова мен Аманқұл жеңіске жетті, әйелдер мен ерлер боксында ширек финал өтті

Семейде өтіп жатқан 2025 жылғы Қазақстан чемпионатында жарыстың төртінші күні аяқталды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Бұл күн көрермендерге әсерлі сәттер сыйлады: бірнеше нокаут, нокдаун және ерте аяқталған кездесулер тіркелді.
Әйелдер арасындағы 1/4 финал: Азияның екі дүркін чемпионы Жайна Шекербекова (54 кг) Сания Сұлтанқызын 4:1 есебімен жеңді. Ұлттық құраманың көшбасшысы Карина Ибрагимова (57 кг) Айшагүл Елубаеваны 5:0 есебімен ұтты. Осы салмақта Айдана Забынбекова да Лаура Нышанбайға еш мүмкіндік бермеді — 5:0. Азия чемпионы Римма Волосенко (60 кг) Толғанай Қасымханды техникалық нокаутпен жеңді: екінші раундтағы екі нокдауннан кейін төреші жекпе-жекті тоқтатты. Әлем чемпионы Валентина Хальзова (75 кг) қарсыласы Рената Григорьеваның бірінші раундтағы нокдауннан кейін жекпе-жекті жалғастырудан бас тартуына байланысты жеңіске жетті.
Ерлер арасындағы 1/8 финал: Олимпиада қатысушысы Әбілхан Аманқұл (85 кг) Сержан Еркінді 5:0 есебімен ұтып, камбэк жасады. 2024 жылғы ел чемпионы Ертуған Зейнуллин (65 кг) Бақлан Тұрсынбайды 5:0 есебімен жеңді. 2017 жылғы жастар арасындағы Азия чемпионы Санатәлі Төлтаев (65 кг) Асылхан Көшербайдан айқын басым түсті — 5:0. U-22 құрамасының лидері Илья Калинин (65 кг) Ермек Ерасылымен өткен тартысты кездесуде 3:2 есебімен жеңіске жетті. Сабыржан Аққалыков (75 кг) Нұрбол Мұхаметәлиді нокдаунға жіберіп, айқын басымдықпен ұтты — 5:0. Ал жастар арасындағы Азия чемпионы Аман Қонысбеков (75 кг) Дамир Синеевтен 5:0 есебімен басым түсті.