Черчесов: «Біз жоспарлы жұмысты атқардық, бірақ нәтиже күткендей болмады»

Ресейлік маман Станислав Черчесов Қазақстан ұлттық құрамасындағы қысқа мерзімді жұмысы туралы егжей-тегжейлі айтып берді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Маманды бұл қызметке Кубок Ресейінің бір матчын тамашалағаннан кейін-ақ шақырған. Черчесовтің айтуынша, ол жеребе мен команда нәтижелерін көріп, чемпиондыққа таласу мүмкін еместігін түсінген және бастапқыда күшті қарсыластарға қарсы ойындарда ең аз ұпай жинауды мақсат еткен.
— Командада буын алмасуы мен қайта құрылымдау жүріп жатқан еді. Біз осы бағытта нақты жоспар бойынша жұмыс істедік. Бірақ кейін федерация басшылығындағы өзгерістер бапкерлік штабпен келісімшарттың бұзылуына әкелді. Соған қарамастан, жоспарланған жұмыс толық көлемде атқарылды. Бар күшімізді салдық, алайда нәтиже мен басқару жүйесіндегі өзгерістер жоспарды жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді, — деді Черчесов.