ӘЧ-2030 мен КАЖ алдында Мароккодағы толқулар: жүздеген жараланғандар мен жүздеген тұтқындалғандар

Мароккода 2030 жылғы әлем чемпионаты мен Африка ұлттар кубогына бөлінген шамадан тыс мемлекеттік шығындарға қарсы жаппай наразылықтар кезінде үш адам қаза тауып, 280-нен астам адам жараланды, деп хабарлайды Prosports.kz sportbox.ru сайтына сілтеме жасап.
Соңғы апталарда елдің бірнеше қаласында мыңдаған адам қатысқан шерулер өтті. Наразылықтың басты себебі — жаңа стадиондардың салынуы мен футбол турнирлеріне жұмсалған миллиардтаған қаржы. Демонстранттар үкіметтен бұл қаражатты денсаулық сақтау, білім беру және көлік саласына бөлуді талап етті.
Марокконың Ішкі істер министрлігінің дерегінше, наразылықтар кезінде 409 адам қамауға алынып, 20 шеруші мен 260-тан астам полиция қызметкері жарақат алған. Сондай-ақ полицей учаскесін басып алуға әрекет жасаған кезде үш адамның қаза тапқаны хабарланды.
«Бізге стадион емес, аурухана керек! Алдымен денсаулық, содан кейін футбол!» — деп ұрандатты наразылыққа шыққандар.
Африка футбол конфедерациясының (CAF) президенті Патрис Мотсепе Кубоктың Мароккода өтетініне сенімді екенін айтты:
«Біз турнирді жоспар бойынша өткіземіз. Марокко — біздің А, В және С жоспарымыз. CAF ел үкіметімен және халқының қолдауымен тарихтағы ең сәтті турнирді ұйымдастырады», — деді ол.
Бұған дейін Бен-Слиман қаласында 115 мың жанкүйерге арналған «Гранд-Стад Хасан II» стадионының салынатыны, оның құны 4,2 миллиард еуродан асатыны хабарланған еді.