Роналдудың «Әл-Насрдағы» ойын уақыты азаяды. Оның себебі белгілі

Криштиану Роналду алдағы маусымда жүктемені азайтуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Prosports.kz.
Саудиялық журналист Фалах Әл-Катани мәлімдегендей, «Әл-Наср» клубының жұлдызы жаңа стратегия аясында командасының кейбір матчтарын өткізбей, демалыс алып отырады. Бұл шешім клубтың болашақ бас бапкері Жорже Жезушпен келісілген.
Ақпарат көзіне сүйенсек, 40 жастағы шабуылшы турнирлік маңызы жоқ ойындарға қатыспайды. Осылайша, Роналду 2025/26 маусымындағы матчтардың кемінде 25 пайызына қатыспауы мүмкін. Бұл шешім оның физикалық жағдайын сақтап, Португалия құрамасына дайын болу үшін қабылданған.
Айта кетейік, Роналду «Әл-Наср» сапында 2023 жылдың басынан бері ойнап келеді. Өткен маусымда ол 41 ойын өткізіп, 35 гол мен 4 нәтижелі паспен көзге түсті. Оның клубпен арадағы келісімшарты 2027 жылдың жазына дейін күшінде.