«Ақтөбе» – «Атырау» матчында төреші үлкен қателік жіберген

Қазақстан футбол федерациясының төрешілік және инспекция департаментінің директоры Нуну Алешандре Паррейра де Каштру КПЛ-дің 15-турындағы «Ақтөбе» мен «Атырау» (2:0) арасындағы ойынның даулы сәтіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Ойынның 87-минутында алаң иелерінің жартылай қорғаушысы Георгий Жуков Цевелин Чунчуковты шиптарымен кеудесінен тебіп, қауіпті әрекет жасады. Де Каштрудың айтуынша, бұл қимыл қарсыластың денсаулығына айтарлықтай қауіп төндірді және ойыншы бірден қызыл карточка алуы керек еді. Алайда матчтың бас төрешісі Арман Исмуратов тек сары карточкамен шектеліп, қателікке бой алдырған.
VAR жүйесіндегі мамандар төрешіге бұл эпизодты қайта қарап, Жуковқа қызыл карточка көрсетуге кеңес берген. Соған қарамастан, Исмуратов бастапқы шешімін өзгерткен жоқ.
КПЛ-дегі 16 турдан кейін «Ақтөбе» 32 ұпаймен турнир кестесінің үшінші сатысында орналасқан. Ал 17 ойыннан кейін бар болғаны 5 ұпай жинаған «Атырау» соңғы орында қалуда.