«Партерге түсіріп, жұмысымды істедім». UFC жобасында өзбек қарсыласын жеңген қазақ жігітінің сөзі

UFC ұйымдастырған The Ultimate Fighter шоуына қатысқан алғашқы қазақстандық спортшы Әліби Ыдырыс Prosports.kz тілшісіне өз жекпе-жегі туралы ойымен бөлісті. Ол жақында өзбекстандық Фурқатбек Ёкубовты жеңіп, келесі кезеңге өтті.
«Оның тік тұрыста жақсы күресетінін білдім. Бірақ өзіме де, физикалық дайындығыма да сендім. Үнемі қысым жасап отыру керек екенін түсіндім. Алғашқы екі минутта қарсыласқа бейімделу, қашықтықты табу қиындау болды, бірақ содан кейін өз ойынымды көрсете бастадым.
Екінші раундта мүлде басымдық таныттым. Бірнеше рет соққымен ұстап алдым, сосын қарсылас шаршай бастады – мен оны партерге түсіріп, сол жерде жұмысымды аяқтадым», – деді Ыдырыс .
Айта кетейік, TUF шоуының осы маусымында әр салмақтағы екі жеңімпаз UFC-пен келісімшартқа отыру мүмкіндігін иеленеді.