Қазақстандық клубтардың еурокубоктағы қарсыластары анықталды

17 және 18 маусымда Швейцарияның Ньон қаласында футболдан 2025/26 жылғы УЕФА Чемпиондар лигасы, Еуропа лигасы және Конференция лигасы іріктеу кезеңінің жеребесі тартылды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Биыл отандық клубтардан алматылық «Қайрат» UEFA Чемпиондар лигасында сынға түссе, «Ақтөбе» Еуропа лигасында, «Ордабасы» мен «Астана» Конференция лигасына қатысады.
Жеребе нәтижесі бойынша «Қайрат» Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңінде «Олимпиямен» (Любляна, Словения) күш сынасады. Одан өтсе, екінші раундтағы қарсыласы «КуПС» – «Милсами» жұбының жеңімпазы болады. Егер алматылықтар ЧЛ бірінші кезеңінде «Олимпиядан» өте алмаса, Конференция лигасының екінші кезеңінде ФКСБ – «Интер Эскальдес» жұбының жеңілгенімен ойнайды.
Бірінші кезең ойындары 8/9 шілдеге, ал қарымта матчтар 15/16 шілде күніне жоспарланған. «Қайрат» бірінші ойынды сырт алаңда, ал қарымта матчты Алматыда өткізеді.
«Ақтөбе» Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңінде «Легиямен» (Варшава, Польша) кездеседі. Одан өтсе, екінші раундтағы қарсыласы «Баник» (Чехия) болады. «Ақтөбе» ЕЛ бірінші кезеңінде «Легияға» есе жіберсе, КЛ екінші раундында «Спартамен» (Прага) кездеседі.
«Ақ-қызылдар» бірінші ойынды 10 шілдеде сырт алаңда өткізсе, қарымта матчты 17 шілде күні өз алаңында өткізеді.
Конференция лигасына қатысатын «Ордабасы» бірінші іріктеу кезеңінде «Торпедомен» (Кутаиси, Грузия) кездесетін болды. Бірінші кезеңде «Торпедоны» (Кутаиси) жеңсе, екінші раундтағы қарсыласы «Омония» болады.
Шымкенттіктер бірінші ойынды 10 шілде күні сырт алаңда өткізсе, қарымта матчты 17 шілде күні Шымкентте өткізеді.
Ал «Астана» клубы УЕФА Конференция лигасын екінші кезеңнен бастайды. Елордалықтар Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңінде «Зимбрумен» (Молдова) күш сынасады. Екінші раунд 24 және 31 шілде күндеріне жоспарланған.