Максим Самородовтың командасына жаңа бапкер тағайындалды

Грозныйлық «Ахмат» жаңа бас бапкердің тағайындалғанын ресми хабарлады. Команда тізгінін 42 жастағы ресейлік маман Александр Сторожук басқарады, деп хабарлайды Prosports.kz.
Келісімшарт үш жыл мерзімге жасалды.
Грозныйлық командаға келгенге дейін Сторожук 2023 жылдың қаңтарынан бастап Туланың «Арсеналында» жұмыс істеді, оған дейін ол көп жылдар бойы «Краснодар» командасының бапкерлер штабының құрамында болды.
«Александр Сторожук «Ахмат» футбол клубының бас бапкері болып тағайындалды. Маманмен келісімшарт үш жылға жасалды», - делінген Грозный клубының ресми мәлімдемесінде.
Жаңа бапкер 28 мамырда тараптардың өзара келісімі бойынша қызметінен кеткен Сергей Ташуевтің орнына келді.
Айта кетейік, «Ахматта»Қазақстан құрамасының шабуылшысы Максим Самородов ойнайды. Ресей премьер-лигасының өткен маусымында шабуылшы 25 матч өткізіп, алты гол соғып, төрт нәтижелі пас берді.