Асхат Тағыберген карьерасын аяқтауы туралы пікір білдірді

Қазақстандық жартылай қорғаушы Асхат Тағыберген футболдан ұлттық құрама сапындағы соңғы ойынын өткізді, деп хабарлайды Prosports.kz.
«Қолдап жатқан жанкүйерлерге мың алғыс! Ұлттық құрамаға жеңіс, табыс және ӘЧ мен Еуро-ға шығуын тілеймін. Қолымнан келгенше көмектестім. Осы жанұяның бір бөлшегі әрі капитаны болғаныма қуаныштымын.
Ойынға дейін ешкім білмеді. Жеңіске жетсек те, ойымды өзгертпес едім. Өйткені жүрегімді тыңдап, шешім қабылдап қойдым.
Жігіттер кетуге әлі ерте екенін айтып, қимады. Киім ауыстыратын бөлмеде де осындай мәлімдеме жасамайды деп үміттенді.
Хейтерлер «жастарға жол бермейді, жастарға жол бермейді» дейді. Міне, жастарға жол бердік. Енді құрама жақсы ойнап, Әлем чемпионатына шығады деген ойдамын.
Ары қарай өзімді футболда көрмеймін. Бапкер де, функционер де болғым келмейді. Бірақ өз уақытында ондай ой келіп қалар. Бұйырғанын көреміз. Бала-шағама көңіл бөлгім келеді. Енді клубтық деңгейде тағы 2-3 жыл ойнайтын шығармын», – деді жартылай қорғаушы.