ҚПЛ клубының ойыншысы шетелден ұсыныс түсті

«Тобыл» командасының қорғаушысы Иван Миладинович алдағы жылдары да Қазақстанда ойнауы мүмкін. Бұл туралы оның агенті Антон Синьков «РБ Спорт» порталына айтып берді.
«Иванның «Тобылмен» келісімшарты әлі күшінде. Клуб оны қалайда ұстап қалғысы келеді. Құрамында мықты ойыншылар жиналып, биыл жоғары орындарға таласып жатыр. Қыста «Черноморец» пен «Торпедо» қызығушылық танытты. Жақында РПЛ-дің төменгі сегіздігіндегі клубпен сөйлестік. Бірақ менің ойымша, Иван «Тобылда» қала береді», – деді агент.
Оның айтуынша, Миладиновичке Үндістаннан да ұсыныс болған. «Жергілікті жанкүйерлер Instagram-да менің директіме екі күнде жүзге жуық хабарлама жіберді. Ақша жағынан жақсы ұсыныс түсті. Бірақ Иван барғысы келмеді. Меніңше, ол мансабын Қазақстанда аяқтайды», – деді Синьков.
30 жастағы Миладинович Қостанай клубына 2024 жылдың басында келген. Биылғы маусымда ол Қазақстан Премьер-лигасында 7 матчқа қатысты. Transfermarkt порталы оны 700 мың еуроға бағалап отыр.