Сейдахмет Еуропадан түскен ұсыныстар туралы пікірін айтты

Ұлттық құраманың бұрынғы ойыншысы Еркебұлан Сейдахмет жазғы трансфер кезінде «Ақтөбеден» Еуропаға ауысуы мүмкін деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Prosports.kz.
«Қазірше нақты ештеңе айта алмаймын. Мүмкін, директор білетін шығар. Өзім ештеңеден хабарсызбын. Бүкіл ойым – “Ақтөбе” туралы», – деді ол Legalbet.kz сайтына берген сұхбатында.
25 жастағы Сейдахмет – тараздық «Монтажник» мектебінің түлегі. Бұған дейін «Тараз», «Қайрат», «Жетісу» сапында, Ресейде «Уфа», Болгарияда «Левски» клубтарында ойнаған. 2025 жылдың ақпанынан бері «Ақтөбенің» намысын қорғап жүр. Биыл Қазақстан Премьер-лигасында 7 ойынға қатысып, 1 гол соғып, 2 нәтижелі пас берген.
Transfermarkt сайты футболшының қазіргі нарықтық құнын 300 мың еуроға бағалап отыр. 7 маусым күні Қазақстан құрамасының баспасөз қызметінің жетекшісі Ермұхаммед Мәулен «Бірінші гол» YouTube арнасына берген сұхбатында Сейдахметке Катар, Польша және Түркияның Бірінші лигасынан ұсыныстар түсіп жатқанын айтқан болатын.