КФФ матчтың кейінге қалуын түсіндірді: «Тобыл» да мұндай жағдайды бастан кешкен

Қазақстан футбол федерациясы 9-турдағы «Тобыл» – «Ордабасы» матчының кейінге шегерілуіне қатысты ресми түсініктеме берді. Алғашында 18 мамырда Костанайда өтуі тиіс болған ойын ауа райының қолайсыздығына байланысты өтпей қалды.
Федерацияның мәліметінше, шымкенттік клуб ұшуға кедергі болған жағдайды растайтын барлық құжаттарды – әуе компаниясы мен әуежай әкімшілігінің ресми хаттарын 18 мамыр күні дер кезінде жолдаған.
Сонымен қатар, «Тобыл» қарсыласқа техникалық жеңіліс жазуды ұсынғаны айтылды. Алайда КФФ бұл талаптың регламентке сай келмейтінін жеткізді және клубтардан жаңа күнді келісіп белгілеуді сұрады. Федерация 2016 жылы дәл осындай жағдайды «Тоболдың» өзі де бастан өткергенін еске салды – сол кезде олар «Атырауға» рейс болмағандықтан жете алмаған.