Украинада «Қайраттың» бұрынғы ойыншысына қатысты қылмыстық іс қозғалды

Украина құрамасының бұрынғы капитаны Анатолий Тимощукке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл жөнінде Prosports.kz сайты «Спорт-Экспресс» басылымына сілтеме жасап хабарлады. Іс Украина Қылмыстық кодексінің 111-2-бабы бойынша тіркелген. Бұл бап 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
Тергеу дерегінше, Тимощук 2024 жылдың қыркүйегінде өткен «Зенит» пен «Қайрат» арасындағы жолдастық кездесуге қатысқан. Сол ойында «Зенит» футболшылары Ленинград қоршауында қаза тапқандарды еске алуға арналған арнайы жейделермен алаңға шыққан. Матчтан кейін сол жейделер аукцион арқылы сатылып, түскен қаражат Курск облысындағы зардап шеккендерге жолданған.
Алайда тергеу бұл қаражаттың бір бөлігі, нақты айтқанда Тимощук қол қойған жейдеден түскен 700 мың рубль, Ресей Қарулы күштерінің 106-барлау батальонына берілген деп есептейді. Айта кетейік, Анатолий Тимощук — Украина құрамасы тарихындағы ең көп ойын өткізген футболшы (144 матч). Ол бұрын «Қайрат», «Шахтер» және «Зенит» сапында ойнаған, ал 2017 жылдан бері «Зениттің» бапкерлік құрамында қызмет атқарып жүр.