Төрт алтын және жас буынға мүмкіндік беру: Қазақстанның байдарка мен каноеде есуден Азия чемпионатындағы нәтижесі

Наньчанда (Қытай) байдарка мен каноеде есу спортынан Азия чемпионаты аяқталды. Бұл құрлықтық біріншілікте Қазақстан құрамасы 12 жүлдеге қол жеткізді. Оның төртеуі — алтын. Ұлттық құраманың бас бапкері Қайсар Нұрмағамбетов Olympic.kz сайтына берген сұхбатында есу шеберлерінің өнеріне баға берді.
Айтулы жарысқа еліміздің атынан 26 спортшы қатысты. Құрамда тәжірибелі есушілермен қатар жас спортшылар да болды. Нәтижесінде отандастарымыз төрт алтын, төрт күміс және төрт қола медаль иеленді.
Азия чемпионатында алғаш болып алтын медаль жеңіп алғандар: Ольга Шмелёва мен Ирина Подойникова (екілік байдарка, 500 метр); Ольга Шмелёва мен Артём Терещенко (екілік байдарка (аралас), 500 метр); Сергей Емельянов пен Руфина Искакова (екілік каное (аралас), 500 метр); Қазақстан әйелдер құрамасы (төрттік байдарка, 500 метр).
Құрлықтық біріншілікте жеңіс тұғырының екінші сатысына көтерілгендер: Бекарыс Раматулла (жекелей байдарка, 500 метр); Виктор Степанов (жекелей каное, 200 метр); Стелла Суханова (жекелей байдарка, 1000 метр); Сергей Емельянов пен Полат Торебеков (екілік каное, 500 метр).
Қола жүлде иегерлері: Ольга Шмелёва (жекелей байдарка, 200 метр); Мария Бровкова (жекелей каное, 500 метр); Қазақстан құрамасы (төрттік байдарка (аралас), 500 метр); Қазақстан құрамасы (төрттік каное (аралас), 500 метр).
Командалық есеп бойынша Қазақстан Қытайдан кейінгі екінші орынға табан тіреді. Үшінші орынға Иран жайғасты.
"Жоспарлаған жұмыстың барлығын орындадық. Жаттығу жиындарын өткіздік, жақсы дайындықтан өттік. Әрине, көбірек медаль алғымыз келді. Ақырында қоржынымызда 12 жүлде, командалық есепте екінші орын бар.
Құрамда өзгерістер болды, себебі біз жастарға (U23) көбірек мән беріп жатырмыз. Алда маңызды турнирлер көп. Сол себепті командаға жастарды тартуға шешім қабылдадық. Қазір құрамның 60-70 пайызы — жас спортшылар, яғни жасөспірімдер мен U23 санатындағы есушілер. Бір сөзбен айтқанда, болашаққа жұмыс істеп жатырмыз.
Жалпы алғанда, аға буын спортшылардың нәтижелерінде аздаған тоқырау бар, ілгерілеу байқалмайды. Ал жастар солармен бірге жаттығып, тәжірибе жинауда. Бір-екі жыл қарқынды жұмыс істесе, жақсы нәтижелерге қол жеткіземіз.
Мысалы, байдаркада ескек есуден бізде жақсы жігіттер бар — Егор Краснонос пен Дмитрий Холмогоров. Сонымен қатар Азия чемпионатына апара алмаған тағы екі есуші бар. Олар да керемет, бойшаң, аяқ-қолдары ұзын, яғни антропометриясы сай келеді. Жұмыс істеуге болатын спортшылар.
Енді біз дайындықты әлем чемпионаттарына бағыттаймыз. Әлем кубогының алғашқы екі кезеңіне қатыспаймыз. Сондықтан бар назарымызды ересектер, жастар мен жасөспірімдер арасындағы әлем біріншіліктеріне аударамыз", - деп қорытындылады бас бапкер.