Жәнібек Әлімханұлы «абсолют» атануға бел буды

Орта салмақтағы әлем чемпиондары қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы мен доминикандық Карлос Адамес әлеуметтік қақтығысты жалғастырды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Жақында «Қазақ стилі» өзінің X (бұрынғы Twitter) парақшасында Адамес Эрисланди Лараны жеңіп, орта салмақтағы барлық титулдарды толығымен біріктіруді, одан кейін супер орта салмақтағы «абсолюттік» титул үшін Сауль «Канело» Альвареспен жұдырықтасуды жоспарлап отырғанын хабарлады.
Әлімханұлының ержүректігіне Адамес: «Кейде ойланып қаламын: мен Жәнібекті жер қылсам, ол Х аккаунтын не істейді екен? «Жойып жібереме?» деп жазды Бронко.
«Мен Twitter-ді жоймаймын, сенің атыңды чемпиондар тізімінен өшіремін!», деп Жәнібек Карлосқа жауап берді.
Айта кетейік, Карлос Адамес алдағы айларда Қазақстанның тағы бір өкілі - WBC тұжырымының міндетті қарсыласы Мейірім Нұрсұлтановпен жұдырықтасуы мүмкін.