Елдос Сметов Астанадағы Grand Slam турнирінің құрметті қонағы

Бүгін, 9 мамырда Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында дзюдодан Qazaqstan barysy Grand Slam турнирі басталды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Бұл турнир 2025 жылғы IJF күнтізбесінде жетінші болып тіркелген және алдағы әлем чемпионатына дейінгі соңғы рейтингтік кезең саналады.
Бұған дейін мұндай додалар Париж, Баку, Ташкент, Тбилиси, Анталия және Душанбе қалаларында өткен болатын.
Астанадағы жарыстың құрметті қонақтарының бірі — Олимпиада чемпионы Елдос Сметов. Дәл осыдан бір жыл бұрын ол елордада өткен Grand Slam турнирінде қола медаль жеңіп алып, Олимпиада-2024 жолдамасы үшін күреске қайта қосылған еді. Бұған дейін үздіксіз жеңілістердің кесірінен рейтингі төмендеп, жолдамаға үміткерлер тізімінен тыс қалған болатын.
Қазіргі таңда Елдос Сметов Астанада, және ол туралы Халықаралық дзюдо федерациясы деректі фильм түсіруде. Алайда оның татамиге қашан оралатыны әзірге белгісіз.