Адамес - Нұрсұлтанов: WBC промоутерлік сауда-саттықты кейінге қалдырды

Орта салмақтағы WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы доминикандық Карлос Адамес (24-1-1, 18 KO) қазақстандық үміткер Мейірім Нұрсұлтановпен (20-0, 11 KO) міндетті титулды қорғау жекпе-жегін өткізуі керек, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі vRINGe.com сайтына сілтеме жасап.
Бұл шешімді ұйым ақпан айының соңында, Адамес пен ұлыбританиялық Хамза Шираз арасындағы тең нәтижемен аяқталған жекпе-жектен бірнеше күн өткен соң қабылдаған.
Чемпион мен үміткер тараптарына келіссөздер жүргізу үшін 6 мамырға дейін уақыт берілген болатын. Алайда бұл мерзімде келісімге келу мүмкін болмады, дегенмен кеше жоспарланған промоутерлік сауда да өткен жоқ.
WBC келіссөз барысымен танысып, олардың ілгерілеп жатқанын ескеріп, тараптарға қосымша уақыт берді.
Жекпе-жек Premier Boxing Champions ұйымының жазғы шоуларының бірінде өтуі ықтимал.