WBO рейтингіндегі қазақстандық боксшылардың орындары белгілі болды

Бүкіләлемдік бокс ұйымы (WBO) барлық салмақ дәрежелері бойынша жаңартылған рейтингті жариялады, деп хабарлайды Prosports.kz.
Тиісінше қазақстандық боксшылардың да рейтингтегі жаңа орындары белгілі болды.
Жартылай ауыр салмақта Германияда тұратын қазақстандық Роман Фресс рейтингте алтыншы орнын сақтап қалды.
Екінші орта салмақта Әли Ахмедов бір сатыға төмендеп, 14-орынға тұрақтады. Еске сала кетейік, Ахмедов соңғы жекпе-жегін 28 ақпанда Астанада өткізіп, күтпеген жерден польшалық Мацей Сулецкийден нокаутпен жеңілген болатын.
Орта салмақта WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы. Бұл салмақта британдық Дензел Бентли бірінші нөмірлі үміткер ретінде қалды. Екінші орынға Венесуэла боксшысы Энди Сааведра көтерілді, ол WBO International белбеуінің иегері. Үшінші орынды Жәнібектің бұрынғы қарсыласы, WBO Europe чемпионы Винченцо Гуальтьери иеленді.