Елена Рыбакина командасындағы кезекті өзгеріс туралы хабарлады

Әлемнің 10-ракеткасы, 2022 жылғы Уимблдон турнирінің чемпионы, қазақстандық теннисші Елена Рыбакина командасындағы кезекті өзгеріс туралы хабарлады, деп жазады Prosports.kz.
Оның бапкерлер штабына биомеханика саласына маманданған италиялық физикалық дайындық бойынша жаттықтырушы Альдо Киари қосылды.
Рыбакина бұл маманның жетекшілігімен өткен жаттығулардан видео жариялады.
«Командаға қош келдің», – деп жазды Рыбакина роликтің сипаттамасында.
Айта кетейік, Киари ұзақ уақыт бойы сербиялық Новак Джоковичтің бұрынғы командасында болған фитнес-жаттықтырушы Марко Паничимен жұмыс істеген. Қазіргі уақытта Паничи әлемнің бірінші ракеткасы, италиялық Янник Синнердің жаттықтырушылар құрамында. 2025 жылғы маусым басталар алдында Киари Синнердің физикалық жағдайын тексеру үшін биомеханикалық және постуральды тестілер жүргізіп, егжей-тегжейлі есеп дайындаған, алайда ол ресми түрде Янниктің командасына кірмеген.