Президент легионерлерді қаржыландыруға тыйым салу туралы заңға қол қойды

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
- Заң мемлекеттің дене шынықтыру және спорт саласын дамыту саясатын жетілдіруге бағытталған.
- Уәкілетті орган басым спорт түрлерінің республикалық және өңірлік тізбесін әзірлейді, жоғарғы жетістіктер спорты түрлерінің тізімін және оларды бюджет есебінен қаржыландыру тәртібін айқындайды.
- Басым спорт түрлері халықаралық аренада қол жеткізген нәтижелерге қарай бекітіледі. Бұл – Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия, Паразия ойындарының бағдарламасына енген спорт түрлері, сондай-ақ ұлттық спорт түрлері.
- Спорт федерацияларын аккредиттеуге қатысты ережелер жетілдірілді. Енді олар ұлттық және жергілікті спорт федерациялары болып бөлінеді.
- Шетелдік легионерлерді бюджеттен және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты есебінен қаржыландыруға тыйым салынады.
- Бұдан былай бюджет қаражаты тек төрт бағытқа: жоғары жетістіктер спортына, оның ішінде спорттың басым түрлеріне, мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымдарының қызметіне, бұқаралық спортқа, спорттық инфрақұрылымды дамытуға жұмсалады.
- Заңға «спорттық даярлықтың ұлттық стандарттары» ұғымы енгізіледі. Соған сәйкес спортшыларды төл таным-түсінігімізге сай тәрбиелеп, олардың бойына дәстүрлі құндылықтарды сіңіруді көздейтін бірыңғай даярлау стандарты әзірленеді.
- Уәкілетті органға допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін шара қабылдау өкілеттілігі беріледі.
Жаңа заңға сәйкес, бюджеттік қаржыландыру енді тек бұқаралық спортты, инфрақұрылымды дамытуға, мемлекеттік институттардың жұмыс істеуіне, сондай-ақ қазақстандық спортшылар мен спорттың басым түрлерін қолдауға бағытталатын болады.
Осылайша, клубтар шетелдік ойыншыларға жалақы төлеу үшін қаржы көздерін өз бетінше іздеуі керек. Заң күшіне енгенге дейін келісім-шарт жасалған легионерлерге ғана ерекше жағдай жасалды - мұндай келісімдер олар аяқталғанға дейін жарамды болады.