Жәнібек Әлімханұлының жеңісі: президент кәсіпқой боксшыны құттықтады

Ел президенті кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлын орта салмақта WBO және IBF тұжырымдары бойынша чемпиондық белбеулерін сәтті қорғауымен құттықтады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Telegram-арнасында хабарлады.
"Қасым-Жомарт Тоқаев спортшының жоғары деңгейдегі шеберлігі мен табандылығы, туған жерімізде ел намысын абыроймен қорғауы баршамыз үшін зор мақтаныш екенін атап өтті. Президент Жәнібектің бұдан да үлкен жеңістерге жете беруіне тілектестік білдірді", — делінген хабарламада.
Еске салсақ, кеше "Барыс Арена" мұз сарайында отандық және шетелдік бокс жұлдыздарының қатысуымен үлкен тарихи бокс кеші өтті. Онда ел тарихында алғаш рет IBF және WBO тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (16-0, 11 КО) өз белбеуін Франциядан келген үміткер Анауэль Нгамиссингеге (14-0, 9 КО) қарсы қорғады.