Жас қазақстандық спортшы кәсіпқой бокста дебютін өткізіп, қарсыласын нокаутқа түсірді

Астанада көптен күткен кәсіпқой бокс кеші басталды. Кештің басты жекпе-жегінде Жәнібек Әлімханұлы (16-0, 11 КО) жеңіліп көрмеген француз боксшысы Анауэль Нгамисенгемен (14-0, 9 КО) кездеседі, деп хабарлайды Prosports.kz.
Басты жекпе-жектің андеркартында әлем чемпионы Махмұд Сабырханның інісі — жастар арасында әлем чемпионы атағына ие Төрехан Сабырхан алғаш рет кәсіпқой рингке шықты. Ол жартылай орта салмақта чехиялық боксшы Иржи Хаукемен (4-6, 2 КО) күш сынасты.
Тореханның дебюті сәтті өтті. Үшінші раундтың соңғы минутында жас қазақстандық боксшы қарсыласын құлатты. Шешуші сәтте Торехан жұдырығын мазақ еткендей сермеп, соңынан бауыр тұсына дөп соққы жасап, чех боксшысын есінен тандырды. Иржи Хауке ұзақ уақыт бойы рингте жатып қалды.
Осылайша, Торехан Сабырхан кәсіпқой бокстағы алғашқы жеңісін қоржынына салды.