Қазақстан құрамасы ФИФА рейтингіндегі орнын білді

ФИФА ұлттық құрамалардың жаңа рейтингін жариялады. Әлем чемпионы Аргентина көш басында қала берді. Екінші орынға Испания көтеріліп, Францияны үшінші орынға сырғытты. Үздік бестікті Англия мен Бразилия қорытындылап тұр.
Нидерланд құрамасы бір саты жоғарылап, алтыншы орынға жайғасты. Португалия енді жетінші орында. Ал Бельгия, Италия мен Германия өз орындарын сақтап қалды.
Қазақстан құрамасы үш саты төмен сырғып, 113-орынға түсті. Али Алиев баптайтын команда наурыз айында 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеуінде екі ойын өткізген еді: алдымен Уэльске сырт алаңда 1:3 есебімен есе жіберді, кейін Лихтенштейнді 2:0 есебімен ұтты.
Аймақтағы басқа елдерден Қырғызстан рейтингте алға жылжып, 103-орынға көтерілді. Тәжікстан – 104-орында, Өзбекстан – 57-орында. Армения – 102, Әзербайжан – 119, ал Түрікменстан – 142-орында тұр.