Жәнібек Әлімханұлы жекпе-жек алдында мәлімдеме жасады

Жәнібек Әлімханұлы Астанада өтетін жекпе-жек алдында әлеуметтік желіде қысқа әрі нақты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Prosports.kz.
Ол жанкүйерлер мен қарсыласына арнап хабарлама жариялады.
«5 сәуірде менен екі белбеуді тартып алады деп айтқандар бар. Бірақ бәріңіз білесіздер, 5 сәуірде үлкен нокаут болады. Ол құлаған кезде жер сілкінісі сезіледі»,- деп жазды Жәнібек Х әлеуметтік желісінде.
Жекпе-жек «Барыс Аренада» өтеді. Қазақстандықтың қарсыласы - француз-конголық боксшы Анауэль Нгамиссенге. Жәнібектің қарсыласының еншісінде 14 жеңісі бар, оның 9-ы нокаутпен аяқталған. Бұл Жәнібектің 2017 жылдан бергі алғашқы отандық айқасы болмақ. Қазір оның рекорды — 16 жеңіс, 11-і мерзімінен бұрын аяқталған.
Осы кештің аясында кәсіпқой рингте алғашқы жекпе-жегін өткізуі тиіс болған Махмуд Сабырхан да шаршы алаңға шығуы керек еді. Қарсыласы филиппиндік Джей Фрэнсис Бурай болуы тиіс болған. Алайда Бурайдың Астанаға келмейтіні белгілі болды. Турнирге небәрі 10 күн қалды, ал Сабырханның қарсыласы әлі анықталған жоқ.