Баходир Джалоловтың қарсыласы белгілі болды

Өзбекстандық екі дүркін Олимпиада чемпионы Баходир Джалолов (14-0, 14 КО) 5 сәуірде Астанада өтетін бокс кешінде жұдырықтасады. Ол Жәнібек Әлімханұлы мен Анауэль Нгамиссенге арасындағы айқастың андеркардында рингке шығады.
Джалоловтың қарсыласы – 34 жастағы украиналық Игорь Шевадзутский (12-2, 10 КО). Ол екі рет жеңіліс тапқан: 2023 жылдың сәуірінде Мартин Баколеден нокаутпен, ал 2024 жылдың наурызында Кубрат Пулевтен төрешілер шешімімен. Пулевпен кездесуге Шевадзутский небәрі бір апта бұрын келісіп, жарақат алған Мануэль Чаррдың орнына шыққан.
30 жастағы Джалолов соңғы рет 2023 жылдың қарашасында кәсіби рингке шыққан. 6 ақпанда Канадада жекпе-жек өткізуі тиіс болған, алайда медициналық комиссия оның герпеске байланысты рингке шығуына тыйым салды.
«Маңызды емес нәрсе үшін мені рингке шығармады. Қарсыласым да, өзім де жекпе-жек өткізгіміз келді, бірақ комиссия рұқсат бермеді. Мұндай жағдай менде бала кезден бар – басқа елге ұшқанда немесе ауа райы өзгергенде пайда болып тұрады», – деді Джалолов.
Әлімханұлы – Нгамиссенге бокс кеші 5 сәуірде «Барыс Аренада» өтеді. Андеркардта Сұлтан Заурбек, Батыр Жүкембаев, Балауса Мүздімана және әуесқой бокстың жұлдыздары Сабырхан мен Торехан Махмұдтар өнер көрсетеді.