Дінмұхаммед Айдарбек Fujairah Open турнирінің жеңімпазы атанды

Біріккен Араб Әмірліктерінің Фуджейра қаласында өтіп жатқан каратэден жастар арасында А сериясындағы жарыста Қазақстан командасының жүлде саны үшке жетті, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Жарыстың 2-күні кумите бағдарламасында Дінмұхаммед Айдарбек 16-17 жас санатында 55 кг дейінгі салмақта қарсылас шақ келтірмей чемпион атанды. Ол татамиде 6 жекпе-жек өткізді. Алғашқы кезеңде Мальта, сосын АҚШ өкілін айқын басымдықпен ұтты. Топтық кезеңде тағы 2 қазақ спортшысынан, кейін иорданиялықтан айласын асырды. Финалда өзбек каратэшісін ұтты.
Сондай-ақ Гүлнұр Қойшыбай (U16-17) 59 кг дейінгі салмақта чехиялық қарсыласын ұтып, қола жүлдеге ие болды.
Қазір Қазақстан командасында жүлде саны үшке жетті. Кеше Ақниет Шеризат U21 санатында (55 кг) қола жүлдеге қол жеткізген еді.
Фуджейрадағы бұл жарыс ертең аяқталады. Барлығы осы жылы 87 мемлекеттен 2400-ге жуық спортшы қатысып жатыр.