Артур Бетербиев пен Дмитрий Бивол арасындағы жекпе-жек 22 ақпанда Сауд Арабиясында өтеді

22 ақпанда Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында жартылай ауыр салмақтағы абсолютті әлем чемпионы Артур Бетербиев Дмитрий Биволмен рингке шығады. Бұл туралы Prosports.kz хабарлады.
Осы бокс кешінде британдық Каллум Смит (30-2, 22 КО) те өнер көрсетеді. Ол WBO тұжырымы бойынша уақытша чемпиондық белбеу үшін Джошуа Буатсимен (19-0, 13 КО) жұдырықтасады. Каллум Смит кештің басты жекпе-жегіне үлкен қызығушылық танытып отыр.
Айта кетейік, Смит мансабында екі боксшымен де кездескен. 2024 жылдың қаңтарында ол Бетербиевтен төрешілердің шешімімен жеңілсе, ал 2012 жылы әуесқойлар рингінде Биволға да жол берген.
Британдық боксшы олардың алғашқы жекпе-жегінде тең нәтиже әділеттірек болар еді деп санайды:
– Екеуі де өте мықты спортшылар. Олардың алғашқы жекпе-жегі өте тартысты өтті. Бірі Бетербиевті, енді бірі Биволды жеңімпаз санады. Бірақ меніңше, тең нәтиже әділ болар еді. Енді олар бір-бірін жақсы біледі, бұл жолы кімнің бағы жанатынын көреміз. Бивол жас әрі тың. Бәлкім, бұл оған артықшылық беретін шығар, – деді Смит.
Сондай-ақ, Смит Бетербиевтің өткен жекпе-жегі оның мансабындағы ең қиын айқас болғанын атап өтті:
– Бетербиев жайлы жиі айтамыз. Оның жасы келген сайын шаршауы мүмкін. Алдағы жекпе-жекте бұл қаншалықты білінетінін көреміз. Бұл да тартысты айқас болмақ. Таңдау жасау қиын, бірақ осы жолы мен Биволды таңдар едім, – деді британдық боксшы.
Бокс кешінің толық кард тізімі:
• Артур Бетербиев – Дмитрий Бивол
• Дэниэль Дюбуа – Джозеф Паркер
• Карлос Адамес – Хамза Шираз
• Верджил Ортис – Исраил Мадримов
• Чжан Чжилей – Агит Кабайел
• Джошуа Буатси – Каллум Смит
• Шакур Стивенсон – Джош Пэдли
• Зияд Альмааюф – Жонатас Родриго Гомес де Оливейра
• Мохаммед Алакел – Энджел Гомес
Бокс кеші Астана уақытымен 21:00-де басталады. Ал басты жекпе-жек шамамен 01:30-да өтеді.