Румындық футболшы Қазақстанда қомақты жалақы алады

Румындық Prosport басылымы Қазақстан Премьер-лигасы клубымен келісімшартқа қол қойған жергілікті футболшының жалақысы қанша болатынын ашық жариялады, деп хабарлайды Prosports.kz.
«Ботошани» клубының бас бапкері Валериу Ифтиме ойыншының Қазақстанға ауысуы туралы былай деді: «Флореску менің оны жіберуімді өтінді, себебі Қазақстаннан жақсы ұсыныс алғанын айтты. Ол жақта оған шамамен 20 мың еуро көлемінде жалақы ұсынылды.
Бұған дейін де осындай жағдайлар болған еді, сондықтан оның соңғы алты айлық келісімшарты аяқталып келе жатқанын ескеріп, бұл жолы рұқсат беруді жөн көрдім». Айта кетейік, 27 жастағы шабуылдаушы жартылай қорғаушы Эдуард Флореску ақпан айының басында «Елімаймен» келісімшартқа қол қойды.
Transfermarkt мәліметінше, бұл трансфер семейлік клубқа 150 мың еуроға түскен. Сондай-ақ, келісімшарт 2025 жылдың соңына дейін жасалған.
Румыния чемпионатының жалғасып жатқан маусымында Флореску 20 матчқа қатысып, 1 гол мен 1 нәтижелі пас авторы атанған. Transfermarkt порталында оның нарықтық құны 550 мың еуро деп көрсетілген.