Олимпиада чемпионы жас боксшыларды дайындау үшін елге оралды

Олимпиада чемпионы жас боксшыларды дайындау үшін елге оралды

Бокстан 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев елге оралды. Ол енді елімізде ұлттық құрамаға бәсекелес ретінде резерв құрам жасақтап, дайындайтын болады, деп хабарлайды Prosports.kz. 

12-19 ақпан аралығында Талдықорғанда 18-22 жас аралығындағы боксшылар арасынан резервті құрамаға іріктеу чемпионаты өтеді. Сол құрамада жүлделі орынды еншілеген жас боксшылар Бақыт Сәрсекбаевтың қол астында жаттығуды бастайды.

– Менің шетелден елге қайтқанымды естіп жатырсыздар ғой сірә. Президентіміздің тапсырмасымен,Спорт және Туризм министрінің шақыруымен елге қайттым. Маған министрдің берген тапсырмасы – Ұлттық құрама жанынан Резервтік құрама құру. Жалпы, бұл құраманы құру мақсатымызды түсіндіре кетсем. Мақсат – бірінің жалынан бірі тістеп тұрған, Ұлттық құрамдағы барлық салмаққа бәсекелес/резерв дайындау. Қазіргі Ұлттық құрама өзінің жағдайын Олимпиадада, Азия Чемпионатында көрсетті. Спортшылардың бұлай әлсіреуі бәсекелестіктің жоқтығы. Өз салмағында теке тіресіп тұрған мықты бәсекелесі болмаса, спортшы өспейді, босаңсып кетеді, - дейді Олимпиада чемпионы фб парақшасында.

Бақыт Сәрсекбаев қазір бәсекелестіктің аз болуымен қатар, жағдайдың барынша жасалғанын айтады.

– Мен ең мықты Ұлттық құрамада болдым, ол кезде Бақтияр Артаев, Серік Сапиев, Гена Головкин, Серік Елеуов, Канат Абуталипов, Мейіржан Рахимжанов, Галиб Джафаров сияқты кіл мықтылар болды. Бір салмақты 5-6 мықтыдан болдық. Ұлттық Құрама әкеңнің төрі емес екенін білеміз, еркелігің ешкімге керек емес, қалт етсең сенің орныңды басатын резрв толып жүр, тек жаныңды салып, тер төксең ғана дегеніңе жете аласың. Жыртылған аяқ киімді өзіміз тігіп алып, кірімізді өзіміз жудық.

Жыртық матраста, бір бөлмеде 3-4 баладан жатып, Бүргөліктің тау мен тасын кезіп жаттыққан сол құрама елімізге бірнеше Олимпиада/Әлем жеңімпаздарын берді. Қазір мен бірнеше спорт базаларын аралап көрдім, керемет жағдайлар жасалған. Тіпті біз армандамаған нәрселер бар, - дейді Сәрсекбаев.

Кейінгі жылдары қазақ боксына көбірек сын айтылып жүр. Қазақ бокс стилін жоғалтып алды дейтіндер де табылады. Бақыт Сәрсекбаев та қазіргі бокс философиясы өзгергенін, өткен күндерден сабақ алып, қорытынды шығаруға жұмыс істегісі келетінін алға тартады. Өзгеріске ұшыраған қазақ боксының стилін қайтарғысы келеді.

–  Қуантарлығы – талантты жастар баршылық, қынжылтарлығы - бүгінгі бокстың стилі түбегейлі өзгеріп кеткен. Осы соңғы 10-15 жылда баяғы қазақ стилі 100% өзгеріске ұшыраған.

Менің жаттығуларым жеңіл болмайтынын боксшылар біледі, сол үшін де маған жүрегінде түгі бар, көзінде оты бар, амбициясы биік, жаттығудан шаршамайтын балалар ғана келеді. Олимпиада чемпионы болам дегендер келеді. Ал мен болсам оларға баяғы қазақ стилімен, өз техникаммен бөлісіп, Олимп шыңына жеткізуге барымды салам, - дейді Бақыт Сәрсекбаев.

Талдықорғандағы жарыста 46-48, 51, 54, 57, 60, 63,5, 67, 71, 75, 80, 86, 92, +92 келі салмақ дәрежелері бойынша жеңімпаздар анықталатын болады.

Айта кетейік, бұған дейін Бақыт Сәрсекбаев Вьетнамда жаттықтырушылық қызмет атқарып жүрген болатын.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или